ҚОР БОЛҒАН БАҚЫТ. 5- бөлім

Кейіпкердің айтуымен жазылған

ашық дереккөзден

Ауылда сол баяғы әйелмен жиі кездесіп қалып, бір-бірімізге тікірейе қарап өте шығатынбыз. Менде сол әйелдің қызы туралы күмән қалып қойған болатын. Ол қыз сол кезде сол бір жігітке тұрмысқа шықты. Ұлды да болды, мен сол ұлды көруге бетім шыдамай жүрген. Қызы күйеуімен басқа ауылға көшіп кеткенін естігем.

Өз ұлымның соңғы қоңырауы деп, түлек болған соң мектепке бардым. Далада нөсер жауын болған, мерекелік іс шара спортзалда өтті. Жиналған жұрт көп, марапаттау басталып әр сынып оқушыларының озат оқушыларына мақтау қағаз беріліп жатты. Аты-жөніне мән бермей қалдым, менің жанымдағы сыныптан бір ер бала жүгіре басып барып, мақтау қағазын алып қайтып келе жатқанда менің көзім сол балаға түсті. Ойпырмай, тура менің ұлымның көшірмесі. Балақай қуанышпен сыныптастарының арасынан өтіп, арт жаққа бір-ақ келді. Мен дәл қасында қарап тұр едім. Балақай мақтанышпен көзі жайнап, жан-жағына қарап, біреуді іздеп тұр. Сыныптағы бір баладан "кімнің баласы",-десем, иығын көтеріп " соңғы айларда биыл жаңадан келгенін",- айтты.

"О, тәубә, мына бала кім екен? Не деген ұқсастық,"-деп сүйсініп қарап тұрмын. 12-13жасар балақай, өз қатарларынан ұзындау екен. Күлген күлкісі, көз қарасы менің ұлымнан айнымайды. Мерекелік шара аяқталып, тарай бастағанда. Ұлым қасыма келіп, сыныптастарымен суретке түсетінін айтып, өз мақтау қағазын ұстатып кетті. Енді есіктен шыға бергенде:

---Апа, сіз күрткеше алмағансыз ба, менің күрткемді кие салыңыз, мен де костюм бар,-деген дауысқа қарадым, сол балақай екен.

---Ой, балам, керек емес,-деген сөзге қарамай балақай куртканы бір әйелге кигізіп жатыр.

Әйел куртканы киіп сыртқа қарай беттегенде, сол әйел екенін көріп, тұрған жерімде қаттым да қалдым. Балақай апасын құшақтап қатарласа келеді. Бұл балақай менің баламанан емес, менің күйеуімнен айнымайды екен. Әйел көзіме тіке қарап, балақайдың бетінен сипалап: "Көрдің бе, кімнің ұлы?", -дегендей өте шықты. Иә, мына балақай менің күйеуімнің ұрығы. Аяғымның астынан жер кетіп қалғандай болды. Сүйретіліп үйге әрең жеттім. Күйеуімнің сол күнгі әдемілеп айтқан әр сөзі құлағымда тұрды. Ол бейшара қыздан қалай құтылған, ана әйелдің айтқан сөздері рас болғаны ма?",-деп ойланып отырмын. Міне, мені қарғыс ұрып, мен нәпсінің құлы болып, ластанып жүрмін. Сол күннен бері күйеуіммен бір жақындастық жоқ, ол бөлек жатқалы қашан. Мен өз-өзімнен жиіркендім. Есенбайға бірдеңе айтпақ болып оқталдым да: "Ей, сен өзің кімсің? Сен кімнің құшағында жатып жүрсің?",-деген ой тоқтатты. Мен тіпті Дидардың әйелінен де ұялмай бір дастарханда отырып жүрмін ғой. Мен кім болдым?-деп бөлмеме кірдім. Зымырап өтіп кеткен осы он үш жылда қалай өмір сүргенімді ойласам, безіп кеткім келеді.

Келесі күні Дидармен келісіп кездесетін күн еді, кездесіп, шалқамыздан түсіп жатырмыз.

---Жаным, сен көңілсіз болдың ғой,-деді Дидар шашымды сипалап.

---Осы сен айтшы, сенде ұят деген бар ма? -дедім.

Ол қарқылдап күліп жіберді.

---Неге күлесің?

--- Күлкілі болған соң күлем де.

----Жоқ, айтшы, сен ұяласың ба?

---Сен ше, сен не ұялатын болып қалдың ба?-деді толық денесін шапалақтап ұрып, орнынан тұрып жатып.

---Мен әрдайым ұялам,-дедім.

---Шекеееер, қойшы,сен ұялсаң мен мұрнымды кесіп беремін, сенде ұят жоқ қой,-дегені.

Мен ұшып тұрып, көйлегімді киіп, есікке беттедім.

---ТОҚТА, тоқта, ашуланба, қашаннан бері ұялатын болып қалдың?-деді білегімнен ұстап тоқтатып.

---Кетші-ей ары, ұятсыз,-деп итеріп жібердім.

Ол тез белімнен шап беріп ұстап алды да:

---Шекер, сен екеумізде ұят деген сонау тәжірибе алған қалада қалып қойған,-деп айналдырып жіберді де, қайта құшақтап:

---Сен маған керек болдың, мен сенің сол кездегі жан күйзелісіңді пайдаландым, сен мені итермедің, ырқыма көндің, сосын сол ісіңе өкінбедің рас қой,-деді.

----Ааа, сенде жоспар болған екен ғой,

---Иә, болды, сендей бас үнемдеуші маған керек еді,

---Ойбай, сүйем дегенің қайда?

---Сүйем, ол рас. Бірақ сен үшін жанымды бере алмаймын.

---Бұны енді несіне айтып тұрсың? Енді мен керек емеспін бе?

---Шекеееер, сен маған, мен саған керекпіз. Біз бір кемедеміз. Қайткенде жағаға бірге шығуымыз керек. Бірақ....,-деп тоқтап қалды.

---Не бірақ?

---Мен сенен жалықтым, сен қартайдың, шабысың баяулады, шамаң да келмей жүр, оңай емес қой елу үшке келдің, тоқтайтын уақытта келді, климакс дегендей. Ал мен жаңа иіс искегім келеді. Сол жаңа біреуді тапсам сен ренжисің бе, мінезіңді білем, ерегесесің бе деп ойланып жүрмін,-дегенде мені от қарып өтті. Дидарды шапалақпен салып кеп жіберіп, шығып кеттім.

Иә, Дидар біреудің күйеуі екенін мен жақсы білгем, ол әйелін сыйлайтын, құрметтейтін, еш уақытта жамандаған емес. Бірақ, әрдайым кездескенде "Жаным, сені сағындым, сүйіктім, бал шекерім,"-деп айтқанда сөздеріне сендім ғой. Ол мені балқытып, маған жоламайтын күйеуіме деген сағынышымды басып жүргенде, мен жан-тәніммен беріліп сүйдім ғой. Тез бөлмеден шығып кеттім, Дидар тоқтатпады. Жер болып өмір сүргім келмей көлігіме отырып, көше шарлап ұзақ жүрдім. Аудан орталығы болатын. Өзен жағасына келіп, суға бата салғым келіп, су кешіп кеттім. Ақырын шүйіркелесіп бір-біріне басын тақап, жай ғана сүйісіп отырған екі адамды көріп, біреуге ұқсатып тоқтап қалдым. Қызым мен ересек еркек.!

Тез қасына жетіп бардым, қызым мені көріп шошып кетті. Ал еркек мен қатарлы үлкен адам.

--- Қызым мынауың кім? Сен бұл жерде қайдан жүрсің?-деп баж ете қалдым. Қызымның көзі бақырайып не айтарын білмей төмен қарады.

---Шекер ханым, тыңдаңызшы...,-деп еркек сөйлей орнынан тұрғанда.

---Сен көзіңді құрт ҚАҚБАС,-дедім.

Қызым орнынан ұшып тұрып:

---Мама,-деп еді, қолынан шап бердім де:

---Үйге жүр, бас аяғыңды,-деп сілкіп көлікке сүйредім.

---Шекер ханым, Шекер ханым,-деп еркек кескестеп жүргізбей тұрып алды.

---Не, не? Сен кімсің? Жолымнан былай тұр, -деп итере жүрмек болып едім.

---МАМА, ОЛ СЕНІҢ БОЛАШАҚ ЖИЕНІҢНІҢ ӘКЕСІ,-деп қызым қаттырақ айтты.

Мен қызымды шапалақпен қалай салып кеп жібергенімді түсінбей қалдым. Ол қисая бетін ұстап, жылап жіберді. Анау еркек құшақтап алды. Мен тез басып көлігіме отырып, кеттім. Қайда кетіп бара жатқанымды ұқпаймын. Талай жер жүріп, ойымды жинақтай алмай үйге қайттым. Есіктен кіріп келдім де, төрде шалқасынан жатқан күйеуіме атылдым:

---Осы сен кімсің мына үйде? Ааа?-дедім.

Ол баяу орнынан көтеріліп көзіме тура қарап тұрды да, шапалақпен салып кеп жіберіп:

---СЕН ҰМЫТСАҢ МЕН СЕНІҢ БАЙЫҢМЫН,-деді де екінші мәрте салып қалып, менің құлап кеткеніме де қарамай:

---Сен неге маған дауыс көтеретін болғансың?-деп төніп келіп тоқтап, артқа шегінді.

Мен жалма жан ұшып тұрдым да:

---АРАМТАМАҚ, ЖАТЫП ІШЕР, ЖАЛҚАУ, -дедім.

Ол қолын жоғары көтерді.

---ҰРЫП КӨР, ТИГІЗШі ҚОЛЫҢДЫ.-деп қақшиып тұрмын.

---Сені қандай жын ұрды?

---СЕН ҰРДЫҢ;

---Өзің тілеп алдың;

---БАЙЫМ ЕМЕССІҢ, ҚОЛЫҢНАН ТҮК КЕЛМЕЙДІ, ЕҢ ҚҰРЫҒАНДА ЕРКЕКТІК ПАРЫЗЫҢДЫ ОРЫНДАМАЙСЫҢ,--дедім бедірейіп.

Күйеуім төмен қарап, кетуге жиналды.

---ЕЙ ТОҚТА !-дегеніме қарамай шығып кетті.

Дидардан көрген мазақ, қызымның ана жүрісі, байымның қол көтергені менің долданып үйді басыма көтеруіме әкелді. Айқайлап-айқайлап, құр шаршап, жатып қалдым.

Ертеңіе түк болмағандай жұмысыма бардым. Дидар тесіле қарап отырып жиналысын өткізді. Әрдайым соңында екеуміз қалып, көп нәрсені ақылдасып шешетінбіз. Бұл жолы мен тез шығып кеттім.

Өкімет дүниесі талан-таражға түсіп, асағандар асап, тістегендер тістеп, бірі заңды, бірі заңсыз талап жатқан уақыт. Жер де таратылып бітті. Біз тұрған өлке ең кедей аудан болды да қалды. Бастықтардың біразы жұмыс орнын ауыстырдық деп, шамасы келген нәрсені сатып, өздері қашып жатқан уақыт жеткен еді. Дидар екеуміздің арамыз алыстап кеткеніне екінші ай болған. Ол бірнеше рет кешірім сұрап, сағынғанын айтып кездесуге шақырған. Мен тыңдамай да, естімей де қойған болатынмын. Ауылымызға жаңа басқарма келіп сол жас бастықтың көңілін таба алмай жүрген кезі. Жаңа бастық менімен тез тіл табысып, ақыл-кеңес сұрап отырғанын Дидар бірнеше рет байқаған. Мен көп ойланып ең құрығанда зейнетке дейін адал жұмыс істемекке бел буғам. Жаңа бастықтың келгені маған өзгеріс әкеледі деген үміт сыйлағандай болды. Бұрынғыдай не болса соны тойлатып, отырыс жиыннан қағылғанымызға біраз болған. Достарымыздың баласы үйленіп сол тойға амал жоқ жұп-жұбымызбен бардық. Досымыздың тойы өте жақсы өтті, сол тойға ауыл басқармасы болған соң жаңа бастық та шақырылған екен. Біз қатар отырып, бірге би билеп көңілді жүрдік. Дидарға сол жер ұнамады білем, тесіліп қарап, арақты үсті-үстіне сіміріп отырды. Есенбай бұл жолы ішімдік ішпеді, ол ауырып жүрген болатын. Ертеңіне достар бас жазуға барыпты, үйде отырған бізді ұлын үйлендірген досы қоярда-қоймай шақырта берген соң, амал жоқ, Есенбай екеуміз қолтықтасып бардық. Басқа үш отбасы достарымыз сонда екен, дастарқанда отырғандарына біраз болған сияқты. Музыка қойылып әйелдер билеп те жүр. Дидардың келіншегі өте көңілді екен, билеп, айқайлап, сөйлеп мәз. Біз дастархан басына отырғанда Дидар Есенбайдың арғы жағында отырды. Тым қызу екен, қол беріп амандасып жатқанда ернімнен сүйе жаздады, басымды тартып құтылғам. Біраз отырған соң той иесінің әйелімен сөйлесіп бөлек кеттім. Дидардың келіншегі тым масайып, қатты күліп, қиралаңдап барып құлап қалды. Бірнеше әйел жүгіріп барып тұрғызып, үйдің артқы жағына алып кеттік. Мен келіншектің бетін жуғызып, ол құсып, біраз отырып қалғанмын. Аула жақтан айқай-шу болып кетті. Басқа бір келіншек жүгіріп келіп:

---Шекер апай, ана жақта.... ана жақта....,жүріңізші,-деп зәресі ұшып атты.

Жүгіре басып аулаға жеткенім сол еді, кең алаңның ортасында Дидар тұр, той иесі, тағы бір еркек Есенбайды ұстап жібермей тұр. Дидар қатты сөздер айтып, боқтық сөз араластырып, әкіреңдеп тұр. Мен алға шығып, Есенбайға қарай жүрмек болып, Дидардың қасынан өтіп бара жатқам. Есенбайдың көзқарасы өте қорқынышты болып, тоқтап қалдым. Той иесі де, басқалар да маған жаман қарады. Қайда кетерімді білмей тұрмын. Музыка тоқтап қалды. Дидар қолдарын ербеңдетіп:

---Сен еркек емессің, еркек емессің, әлде сенікі тек кәмелетке толмағандарға тұра ма? Ааа?-деп сілкініп мен жаққа қарады.

Ыржиып күліп, мені қолымен басымнан аяғыма дейін көрсетіп, бас бармағын көтеріп, тістерін ақсита күлді.....

5-бөлімнің соңы. Жалғасы бар.

Авторлық құқығым қорғалған руқсатсыз ютупқа салмаңыздар

ЖЕҢІСГҮЛ ТУРСУНБАЕВА
"Өмірден алынған әңгімелер..." тобынан

ҚОР БОЛҒАН БАҚЫТ. 1-бөлім

ҚОР БОЛҒАН БАҚЫТ. 2-бөлім

ҚОР БОЛҒАН БАҚЫТ. 3-бөлім

ҚОР БОЛҒАН БАҚЫТ. 4-бөлім

Loading...