Танымал актер Асқар Жұмабеков 6,5 жылға сотталды

Сотталушылар өз кінәсін мойындаған жоқ.

Фото: Асқар Жұмабеков/Instagram

Алматыда танымал актер Асқар Жұмабековке сот үкімі шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

№2 Бостандық ауданының сотында меймандарды ұрып-соққан караоке-бардың қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотталушыларға бұзақылық жасады, бұзақылық пиғылда бір топ адамның денсаулығына қасақана ауыр және орташа зиян келтірді деген айып тағылды.

Сотта анықталғандай, былтыр 28 қыркүйекте қаладағы караоке-барлардың бірінде қонақтар мен мекеме қызметкерлері арасында жанжал шығып, оның соңы төбелеске ұласқан.

Осы мекеменің күзетшілері мен ди-джейі, сондай-ақ барда болған олардың таныстары жәбірленушілерді ұра бастаған, олар қашуға мәжбүр болған.

Алайда сотталушылар оларды көшеде қуып жетіп, төбелесті жалғастырған.

Салдарынан бес жәбірленушінің екеуіне ауыр және орташа деңгейде денсаулығына зиян келген. Төбелес кезінде сотталушының бірі пышақ қолдануға тырысқан, — деп хабарлады соттан.

Сотталушы Асқар Жұмабековтың бұрын да адам ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

Сотталушылардың кінәсі куәгерлер мен жәбірленушілердің айғақтары, сот сараптамасы қорытындысы, бейнебақылау камерасына түсіп қалған бейнежазбалар арқылы расталды, — деп атап өтті соттың баспасөз қызметі.

Сотталушылар өз кінәсін мойындаған жоқ. Жәбірленушілер де кешірім бермеді.

Прокурор оларды 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот үкімімен Ж., Қ., Т., С., Р., Н. және К. Қылмыстық кодекстің 293, 106 және 107 баптары бойынша кінәлі деп танылды.

Бәріне 6 және 6,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Асқар Жұмабековты бас бостандығынан айыру түріндегі жаза 6 жыл 6 ай 15 күн мерзімге тағайындалды, өйткені ол бұған дейін ҚР ҚК 107 бабы (адамды ұрып-соғу) бойынша кінәлі деп танылған.

Сонымен қатар, соттың алдыңғы үкімі бойынша өтелмеген мерзіміне байланысты оған 15 күн қосылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Loading...