ҚОР БОЛҒАН БАҚЫТ. 3-бөлім

Кейіпкердің айтуымен жазылған

Ашық дереккөзден

Есенбай жұмыстан келгенше, балаларымды әкемнің үйіне тез апарып қойдым да өзім онымен бір сөйлесуім керек деп, үйіме келдім. Ата-енем о дүниелік боп кеткен соң мен үйге жөндеу жасатып, көп нәрсені өзгертіп, жаңартып, жаңа жиһазбен толтырып қойғанмын. Осы екі жылда өз өмірімнің жақсы жаққа өзгергенін үйіме келгенде көріп рахаттанатын едім. Жұмысымда тістеп-тартып жүріп жасаған тірлігім еді. "Енді осынша тырпыңдағаным кім үшін, мына байлық, мына баршылықты кім үшін жинадым?",-деген ой келіп күйініп кеттім. Есенбай өмірі жұмысынан ерте келген емес, бүгін де ол асықпады. Бұрындары оның кешігіп келетіні маған жақсы еді, үлгермей жасап жатқан тамағым пісіп үлгеретін. Ол өмірі жұмысынан қарны ашып, қазан төңкерердей қомағайлана жеп, сосын тоңқайып ұйқыға кететін. Менің мазамды алмай ұйықтап қалатыны да маған жақсы болатын. Мен отыра қалып түннің бір уағына дейін жұмыстағы қағаздарыммен алысып, ешкім көріп-біліп қоймасын деген шаруалардың бетін жабатынмын. Асықпай зерттеп, кем-кетікті толтырып, ертеңіне басқармаға батыл кіріп қол қойғызатынмын. Міне, қаңыраған даңғарадай кең үйімнің ортасында отырып өз қателігімді біліп отырмын. Осы он жылда біз қандай ерлі-зайыпты болдық, отбасылық өміріміз қандай болды? Еш уақытта ұрыспаппыз ,тіпті Есенбай маған дауыс көтерген емес. Ол мені о баста қалай қабылдады, еш өзгеріссіз солай өмір сүрудеміз. Иә, жұмыстан мас оралатын кездері жиі болатын, ондай кезде ол есіктен кірмей жатып:

---Шекерім, тәттім, мені кешір, мен маспын, жуынам да жатам, болды, ренжіме,-деп жуынып алып, бос бөлмеге барып жата кететін, мас болып мазамды алып, сасып қасыма жатпайтын. Таң атар атпастан тұрып жақсылап жуынып тісін жуып, киімін ауыстырып болған соң ғана қасыма келіп, шашымнан иіскеп:

---Қайырлы таң, күнім, ақылдым,-деп өзінен шығып тұрған иісті сездірмеуге тырысып, құрметпен әрекет жасайтын. Мен сол ісін менен ұялады, мені сыйлайды деп ұғатынмын. Ал екеу ара болатын ерлі-зайыпты борышына келсек, ол өте аялай білетін, мен басқа еркек көрмеген соң ба, әлде ондай қатынасқа қатты көңіл бөлмегеннен бе оның маған деген махаббаты кереметтей болатын, мен рахат алғандай болатынмын. Не болса соны ойлап кешкі сегіз жарым болғанда Есенбайдың келгені естілді. Мен ас та әзірлемей қонақ бөлмеде отырмын. Қол-аяғым дір-дір етеді. Қалай, қайтіп бастаймын деген ойлар жүрегімді ауыртты. Есенбай күле кіріп, жуынатын бөлмеге кіріп, әдетінше жақсылап жуынып, сүртініп, күлімдеп бөлмеге кірді. Мен күйеуіме тесіле қарап, осы он жылда еш өзгермегеніне таң қалдым, керісінше, жасарып кеткен бе, денесі толыңқырап көріктеніп кеткен, буылтық-буылтық еттері бөлшектеніп, киген әдемі фудболкасынан білініп тұр, көзі күлімдеп, бетінде бір әжім жоқ, танымайтын адам жиырма бес жас берері анық. Ол денешынықтырумен айналысқанын тоқтатқан емес, сол жаттығулары денесін ширатып тұр. Ұзын бойлы, сұлу күйеуімді жамандыққа қимай мен жылап жібердім. Ол шошып бірер мезет тұрып қалып, сосын қасыма жетіп келіп құшақтамақшы болды. Мен қолдарын қағып жібердім де, бар пәрменімен шапалақпен тартып жібердім. Ол ер азамат емес пе бетін сәл бұрды да қайта келе жатқан екінші соққымды тигізбей қолымнан шап берді:

----НЕ БОЛДЫ, ЕЙ?--деп айқайлап жіберді.

Мен қолымды жулқи тартып алып жудырықпен ұра бастап едім, екі иығымнан диванға сілки итеріп жіберіп:

---САҒАН НЕ КӨРІНДІ? НЕ ЖАҒДАЙ?-деді иықтарымнан сілки қасыма отырып.

Мен айтқым-ақ келеді, бірақ ашудан булығып, тек тоқтай алмай жылап отырмын.

---Шекер, болды басылшы, не болғанын айтшы,-деп сабырлы үн қатып, орнынан тұрып, ас бөлмеге барып, су әкеліп берді де:

---Іш, ішіп алшы,-деді, даусы сондай мейірімді болды.

Мен суды дірілдеп отырып ішсем де, жылағаным басылмай біраз отырдым.

---Енді айтшы, не жағдай болды? Мына қылығың не?-деп бетін ұстап уқалап қойды.

Қатты тиген соққы бетін қызартып жіберіпті. Мен сәл ойланып қалай бастарымды білмей отырып қалдым.

---Шекер, айтасың ба жоқ па? БАЛАЛАР ҚАЙДА?-деп қаттырақ айтты.

---Балалар әкемдікінде, мен де сенен кетем,-дедім.

Есенбай қабағын түйіп:

---Себеп....,-деді.

---Себеп, сен жүкті қылған қыз бар екен, бүгін маған сол кәмелетке толмаған қыздың анасы келіп, бәрін айтып кетті. Сені сотқа берем деді, сен...., Сен....,-деп сөйлей алмай күйеуіме тура қарап едім. Ол қабағын түйіп менен көзін алмай отыр.

----Не бедірейіп отырсың, ұятсыз,-дедім.

Ол сондада қабағын түйіп көзін алмайды. Бұл көзқарас маған мың пышақ сұққанмен тең болды. Мен тез орнымнан тұрып, жатын бөлмеге барып, дәу сөмке шығарып, киімдерімді жинастыра бастадым. Есенбай қонақ бөлмеде отырған жерінде үнсіз отыр. Өз киімдерімді жинап болып, балалар бөлмесінен балалар киімдерін жинайын деп шкафтарды ашып едім:

---ТОҚТАТ !-деген дауыстан селк ете қалдым.

Жалт қарасам балалар бөлмесінің босағасында қап-қара болып, түнеріп кеткен Есенбайдың түрінен шошып төсекке отыра қалдым.

---ЖЕТЕР, БАЛАЛАРЫМА ТИІСПЕ, КЕТСЕҢ ӨЗІҢ КЕТ,-деп екі аттап келді де сөмкемді қолымнан жұлып алды.

---Сен маған кет деп тұрсың ба?-деп жұтына таң қала айттым.

---ЖОҚ, саған кет демеймін, ол сен өзің ақ-қараны ажыратпай шешім қабылдаған, -деп көзіме тура қарады.

---Ал сен ажыратып бер, мен жынды қатын емеспін тыңдаймын,-деп мен де бедірейдім.

---Иә, сен жынды қатын емессің, мен сенің ақылың мен даналығыңа сенуші едім,-деп күйеуім қасыма отырды.

Ішім бүлк ете қалды.

---Шекер, сен өте ақылды адамсың ғой, сен осы тоғыз жылда бірет те ақымақтық іс жасаған емессің, ол мен ерке еріншекпін, -деп қолымнан ұстап еді, мен тартып алдым.

---Шекер, тыңда, мен дәл қазір саған бір рет түсіндіріп айтам, сен ақылыңа салып түсінсең түсіндің, түсінбесең кетем, ажырасам десең мен ұстамаймын. ӨЙТКЕНІ СЕНІҢ АЛДЫҢДА АҚТАЛАТЫН ЖӘЙІМ ЖОҚ.-деді дауыстап.

Мен түк түсінбей таң қалып қадала қарап отырмын.

---Иә, мен жалқау, ерке өскен адаммын, бірақ, мен ақымақ емеспін. Менің таң қалғаным сен менің жарым қайдағы бір әйелдің сөзіне еріп маған өнер көрсетіп отырғаның,-деді.

Менің көзім жыпылықтап төмен қарадым.

---МІНЕ, мен өңшең қыз-қырқынмен жұмыс жасап жүргеніме он бес жыл болды. Мен әр қыз-келіншекті жақсы білемін. Бірі долы, бірі жалқау, бірі қу. Ал жаңа келген жас қыздар әдемі, сұлу болғанымен олар жас бала, олар аңқау қиялшыл, арманшыл екенін жақсы білем. Мен бастық болған соң жаңа келген қыздарға жылы сөйлеп, жұмыс бабын үйрету міндетім. Қателік жасап қойса кешіріммен қарап, біраз уақыт олар үйренгенше қастарынан шықпай қадағалап, тәпіштеп, көрсетіп жүретінім де бар. Сол жас қыздар менің сол іс әрекетімді әртүрлі қабылдайды. Олар жас, олар ару, олар өздерін мұнда жоқ кереметпін деп санайды. Басында өз ойларымен мені өзіне ғашық еттім деп ойлап, асқақтап ұшып жүреді, менен бір қадам күтеді. Уақыт өте ол арулар өз жұмысына үйренген соң, мен оларға жоламай кеткенде олар өздері әрекет жасайды. Олар жұмысқа мен үшін келіп, көзге түскісі келіп, түрлі айла ойластырады. Сәнді киініп, боянып-сылана бастайды. Ол жас қыздар абайсызда ғашық отына күйіп жанады. Жеке сөйлескілері келеді, сезімдерін білдіретіндері де бар. Мен еш уақытта олардың сезімдерімен ойнаған емеспін. Тіпті солар маған ғашық болсын деген ойым да болмайды. Қыз тым асып, бой бермей бара жатқанда қатты қағып тастаймын. Сол кезде олардың көңілі қалады. Бірі ақылға келіп, өз өмірін сүріп кетсе, енді бірі амалын тауып, жұғысу амалын іздестіріп мазамды ала бастайды, мен ондай қыздарды жұмыстан шығарып та жібердім, сөзбен табалап қатты айтып, ұялтқан соң, ол қыз өзі-ақ жұмыстан шығып кетеді. Саған келген әйелдің қызы да сондайлардың бірі, ол жүкті кімнен болды мен білмеймін, білгім де келмейді. Бірақ, мен ол әйелдің саған келіп мені жамандағанын кешірмеймін. Ол жала жауып мені қаралап кетті, ол дұрыс емес, мен оған көрсететінді көрсетем... Мен қашан саған күдік туғызып, көзіңе шөп салып едім? Мен сол қыз-қырқын ортасында саған басымды қоспай тұрып жұмыс жасағанмын, әрмен қарай жасай берем. Мен сенің алдыңда ақталмаймын да. Мына жасаған әрекетіңе түсінікпен қарап, кешірем, енді өзің ойлан.-деді де бөлмеден шығып кетті.

Мен есі ауысқан адам болып отырып қалдым. Есенбайдың айтқандарын ой сарасына салып, көп отырдым. Әйелдің айтқан сөздерін де ойлаймын, "Сонда ол әйел айтқан пәленбайдың қызы, тугенбайдың қыздарын Есенбай құртып жүрсе бұл ауыл ай қарап отыр ма, баяғыда келіп Есенбайдың басын жұлып тастамай ма?! Не болып кетті өзі, кімге сенем?- деп ұзақ отырдым. Қуырылған жұмыртқаның иісі шықты, мен Есенбайдың ас әзірлеп жатқанын сезіп, ас бөлмеге бардым. Ол қайнаған шаугімді үстел үстіне қойып, тәрелкесіне салған жұмыртқасын нанмен жеп , шайын үндемей құйып ішіп отыр. Мен дастархан басына не жақындап, не жақындамасымды білмей тұрып қалдым. Есенбай тамағын жеп болған соң, бөлек бөлмеге кіріп жатып қалды. Ыдыс-аяқты жуып мен өз жатын бөлмеме келіп, киімдерімді қайта орын-орнына қойып, таң атқанша ой шырмауында болдым.

Таңертең Есенбай тез тұрып, менімен амандаспастан жұмысына кетіп қалды.

Мен әлі өз ойымның шырмауында отырып, Есенбайға деген күдігімді өшіре алмай қалдым. Кеңсеге келіп, жұмысыма кіріскенмен әйел айтқан қарғыс, сөздер құлағымда тұрды. Кіммен бөлісерімді білмей түнеріп отыр едім Дидар кірді. Ол бұл күнде бас буғалтер болып көтерілген, салмақты азамат болған. Бас буғалтер болғанына үшінші ай, сұраулы көзбен амандаса кіріп:

----Шекер Марсқызы, сізбен сөйлесетін мәселе бар ,-деді.

Мен "өз былығымның шеті шығып қалды ма?"-деп ойлап зәрем ұшты. Дидар күлімдеп, жақындап келді де, сыбырлап:

---Кеңседе Есенбай туралы бықсық әңгіме айтып жатыр, сен оған сенбе, мен, мына мен жақсы білемін Есекемді, ол періште, ол адал ақ жан,-деді.

Мен жылап жібердім. Дидар арқамнан сипалап, басымнан сипалап:

---Тшшшш, сен мықты болуың керек, мына сен Есекеңе қолдау беруің керек, сен теріс қарасаң басқадан не қайыр,-деді.

Мен Дидарға қарап, не дерімді білмей отыра қалдым....

3-бөлімнің соңы.(жалғасы бар)

ЖЕҢІСГҮЛ ТУРСУНБАЕВА
"Өмірден алынған әңгімелер..." тобынан

АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫМ ҚОРҒАЛҒАН РУҚСАТСЫЗ ЮТУБҚА САЛМАҢЫЗДАР

ҚОР БОЛҒАН БАҚЫТ. 1-бөлім

ҚОР БОЛҒАН БАҚЫТ. 2-бөлім

ҚОР БОЛҒАН БАҚЫТ. 4-бөлім

Loading...