ҚОР БОЛҒАН БАҚЫТ. 2-бөлім

Кейіпкердің айтуымен жазылған

fb.ru

Біз отбасын құрғалы, яғни мен келін болғаныма жеті жыл болғанда, қызымыз мектеп қабырғасын аттаған жылы, ата-енем тойға барамыз деп кетіп, жол апатына түсіп, тілтартпай бірге көз жұмды. Біз есеңгіреп қалдық. Осы отбасылық жеті жылда енем мені келін деп жұмсамай, бар тірлікті өзі орындап жүретін еді. Мен үшін үй шаруасы мен жұмысымды қатар алып жүру қиынға соқты. Басында қырқы, жылы өткенше біресе үлкен абысыным, бірде ортаншы абысындарым келіп, қайынапам, көмектесіп жүрді. Жылдық асы берілген соң, біздің өмір күрт өзгерді. Бұрын қол ұшын үзбейтін қайынағаларым бізден алыстап, өз балаларының ержеткендерін айтып, соларға керісінше сендер көмек беріңдер дейтін болды. Жесір қайынапам қайта-қайта көмек сұрап маза бермейтін болды. Ағалары жиі күйеуіме ұрсатынды шығарды:

---Қашанғы еркелеп жүресің, жетер, еркелетіп отырған әке-шешеміз жоқ, болды, ержет қырықтан астың, біздің өз бала-шағамыз бар ,-деп кезек-кезек айтатын болды.

Абысындарым болса маған:

---Сен енді Еркежанды қолыңа ал, болды, серілік өмір өтті, есін жисын, ие болсын отбасына, өз табыстарыңды жеткізе білуді үйреніңдер, үйде де үнемдеуші буғалтыр бол,-деп айтты.

Осы сөздерден кейін, мен намысыма тырысып, отбасыма ие болып, тірлік жасадым. Ата-енем бар кездегідей асып-тасып тұруымызға қатты көңіл бөлдім. Бірақ, күйеуім өзгермеді. Ол сол қыз-қырқын арасында ойнап күліп, табысының көбін ойын күлкіге жұмсаумен болды.

---"Пәленбай босаныпты; түгенбай тұрмысқа шықты; Ананың туылған күні, мынаның тойы,-деумен үйге табысы жетпей де қалып жүрді.

Үнемдеуші-есепші болған соң бар колхоз табысы менің қолымнан шығатын болған соң, мен тістеп, жымқырып қалуды да үйрендім. Сол әрекетімнен қатты қорықсам да амалын тауып жауып жүрдім. Елдің алды болу маған мақсат болған. Сол жылы өз әкем ауырып жатып қалды. Ол кісінің ем-домына да мен көп күш салдым. Әкем жатып қалған соң талай жыл ауырып, қанша емделсе де денсаулығын еш оңалта алмай, қиналып жүретін анам да дүние салды. Әкемнен айырылып қаламын ба деген қорқыныш менің қазынадан ақша жымқыруыма итермеледі. Өліп-талып жүріп, ота жасатқызып әкем бері қарады. Әрине, әкем маған қатты риза болды. Емделіп үйге келді, біраз уақыт біздің үйде күтімде болып, сосын кіші інім алып кетті. Міне, содан мен нағыз жемқор болып алдым. Ақшаны өзім қалай пайдаланып орнын қалай жабуды әбден меңгердім, тіпті сол тірлігім өзіме ұнайтын болды. Әкем үйіне барғанмен үйде қыз жоқ, інім қарай алмай қиналды. Ініммен сөйлессем үйленгісі келетінін айтты, қаражаттан қысылып келіншек әкеле алмай жүргенін айтқанда, мен тағы сол жемқорлыққа салынып, інімді үйлендіріп, той жасап әкемнің қасына келінді отырғыздым. Солай өз ойыммен алысып жүргенімде ауылда өсек гу ете қалды. Сол өсек менің түбегейлі өзгеруіме әкеліп соқты.

Жұмыста өз бөлмемде отырсам, жулқынып кірген келіншекті көріп, шошып кеттім.

--- ЕЙ, ҚАТЫН, СЕН ӨЗІҢ АНА БАЙЫҢА ИЕ БОЛАСЫҢ БА, ЖОҚ ПА?-деп жұлынып тұр.

---Менің байыма не болыпты, неге айқайлап тұрсыз?--дедім орнымнан тұрып жанына келіп.

Әйел менен үлкен, жасы алпысқа таяп қалған, тым арық, беті бозарып, қанын ішіне тартып, дірілдеп тұр. Мен салмақпен өзімді сабырлы ұстап, жанына жақындап орындықты көрсетіп:

---Аптықпай отырыңыз, қулағым сізде, --дедім.

Әйел маған алдымен алая қарап, сосын орындыққа отыра салды да, жылап жіберді. Бірден бул әйел кім екенін есіме түсіре алмай тұрып қалдым.

--- Айналайын Шекер, мен не істеймін, мен сені жұлуға жұлқынып келдім, бірақ сенің не кінәң бар?-деді өксік тығылған даусымен дірілдей отырып.

---Айтыңызшы не болып қалды?--дедім мен де жанына отырып.

Әйел ойлы көзбен қарап отырып:

---Менің он сегізге толмаған қызым сенің байыңнан аяғы ауыр екен,-деп нақты айтып, көзіме тура қарап отыр.

Мен айтылған сөзді естісем де, түсінбегендей күй кештім. Әйел таңырқай қарап отырып:

---ЕЙ, СЕН ЕСТИМІСІҢ? ЕСЕНБАЙ МЕНІҢ ҚЫЗЫМА ТИІСІП, ЕТЕГІН КӨТЕРІП, БАЛА ЖАСАПТЫ ДЕЙМІН,-деп ашулана айтты.

---Естідім, естіп отырмын, айқайлаудың керегі жоқ, бұл жар салып сүйінші сұрайтын жай емес,--дедім сабырлы үнмен.

Әйел таң қалып орнынан тұрып:

---Сен не мені мазақтап отырсың ба?

----Жоқ, жүріңіз үйге барайықшы, Есенбай келсін,--дедім не айтарымды білмей отырып тапқан сөзім.

Әйел таңырқай қарап, үндемей есікке беттеді. Ақырын басып кеңседен үйге қарай беттедік, асыққанда жол ұзарып, үйіме жете алмай келемін. Көшеде кездескен ауыл адамдарына өтірік күлімсіреп сыр білдірмеген болам. Әйел төмен қарап көз жасын сүртіп қойып, терең күрсініп келеді. Өз үйіме келгенде, әйелді жоғары шығарып су бердім де қасына отырып:

---Енді асықпай мән жайды айтыңызшы, ашуға берілмей жөнімен айтыңыз, шешілмейтін түйін болмайды, бір шешімін табармыз,-деп сабырмен айтқанмен ішім алай-дүлей.

Әйел судан неше мәрте ішіп алып, көкірегін қарсы айырардай терең күрсініп алды да:

----Не айтайын...., Байқаймын қызымның жүріс тұрысы бұзылып жүр...., Жанын шығарып қыспаққа алдым....., Таяқты жеп жатып, аяғы ауыр екенін, баланы Есенбай жасағанын айтты, Есенбай емес ессіз бай болғыр....,-деп әйел сілкініп басын көтеріп:

---Қызым кәмелетке де толмады ғой, мен бұны бұлай қалдыра алмаймын, МЕН ЕСЕНБАЙДЫ СОТҚА БЕРЕМІН,-деп даусын көтере айтты.

---ДҰРЫС, БЕРІҢІЗ,-деп қалғанымды өзім ұқпай қалдым, әйел көзі бақырайып,тілін жұтып отырып қалды.

---Етек көтергенді біледі екен, жауапты да тарта білсін ИТ,-дедім ашуға булыға.

Әйел тіпті көзі бақырайып қолымен аузын жапты.

--- Қазір келсін, мен оны өзім учасковыйды шақыртып, қол аяғын байлатып жіберемін, -деген сөзді қайдан тауып айтқанымды өзім ұқпадым.

Жарылардай болып, қап-қара болып кеткен көрінем. Ары-бері бөлмеде тоқтамай жүрмін.

---Қанша ай болыпты жүктілікке ?--дедім зілді дауыспен.

---Б б біір ай б б бол. ..,-деп әрең айтты.

----Ммм, бір ай...., Мммм, так-так...., келсін, келсін өзі, -деп қабағымды көтеріп, есік жақты көрсетіп қойып, ары-бері жүрмін, сағатқа қарап қоямын. Сағат енді үш екен.

----Жоқ, жүріңіз, оған барайық, ол алтыларда келеді, не оны күтіп отырамыз ба, жүр, жүріңіз, оның жұмысы алыс емес, есесіне ұжымындағылар да білсін, бәрі бірге жабылып қаматсын,-деп әйелдің иығынан тұрғызбақ болып едім, ол өкіріп жылап, тұра алмады.

---Сіз неге жылайсыз? Сіз маған кеңсеге келгенде батыл едіңіз ғой, енді не болды? Сіздің қызыңыздың етегін ашқан мен емес, Есенбай. Мен Есенбайды сіздің қызыңыздың қойнына итермедім, олар өздері былығып, құтырып жүр. Мен байыма түнде иемін, күндіз еркек түздің адамы. Сіз маған: "Байыңа ие боласың ба, жоқ па,"- деп кеңсені басыңызға көтердіңіз. Жүріңіз нағыз айқайлайтын адамға ертіп апарайын,-дедім, әйел өкіріп жылап бас көтермеді.

---Учасковыйға барып бірден арыз жазбай неге маған келдіңіз? Болмаса учасковыйға апарайын,-деп қолтығынан демеп тұрғызбақ болдым.

Әйел қолымды қағып, орнынан ұшып тұрып:

---ЖЕТЕР МАЗАҚТАҒАНЫҢ, СЕНДЕ ДЕ ҚЫЗ БАР, ҚУДАЙЫМ БАР БОЛСА АЛДЫҢА ӘКЕЛСІН. МЕН АНАМЫН, АНА БОЛҒАН СОҢ НЕ ІСТЕРІМДІ БІЛМЕЙ КЕЛДІМ САҒАН......, иә бул жағдай өзің айтпақшы сүйінші сұрайтын нәрсе емес. Бірақ, Шекееер, сен тасыма, байыңның жүрісін жақсы біліп отырсың, жас қыздарға қырғидай тиіп, шетінен астына басып жүргенін білесің, қыз-қырқынның ортасына салып қойып отырсың. Сенің ессіз байың қаншама жас қыздың обалына қалғанын білеміз, Есенбай болмай қалғыр. Пәленбайдың қызымен ойнас болып-болып байға берді, түгенбайдың қызымен ойнас болып-болып оқуға жіберді, пәленше деген қыздың баласын алдыртып, енді ол байға тисе де бала көтере алмай қор болып жүр, түгенше деген сенің байыңның баласы жатырында болып байға тиді. Не осыны біз білмей қалдық па? Білееееміз, естіп көріп жүрміз, қаматқышын өзінің, не көпіріп тұрсың мына жерде тайраңдап, мені мазақтап, ТУФФУ САҒАН, АЛДЫҢНАН ШЫҚСЫН, СЕНІҢ ДЕ ҚЫЗЫҢ ҚОР БОЛЫП ТАБАЛАНСЫН.--деп есікке беттегенде, білегінен шап беріп ұстап алып, диванға итеріп жібергенімді өзім түсінбей жасадым. Ап-арық кішкене әйел қаңбақша ұшып барып, диван шетіне құлады. Мен тез қасына жетіп барып шапалақпен тартып жібере жаздап, қолымды қулаштай көтеріп алғанымды әрең ұқтым. Бүрісе бетін жапқан әйелдің әрекетін көргенде не істеп тұрғанымды түсіндім.

---Не оттап тұрсың? Сен неге менің қызыма, балаларыма қарғыс айтасың? --деп әйелдің бетін көлегейлеген қолын түсіріп көзіне қарадым.

Ол да ашулы көзбен тесіле қарап:

---Айтам, зарлап өтем, сенің балаң бала да, менің балам балшық па еді? Қызың баааар Шекер, қызың баааар, Құдайым көріп тұр, ұрам десең ұр, мына таптап, мазақтап отырғаның да жетер,-деп орнынан тұрды.

Мен білегінен ұстап қайта отырғызып:

---Мен мазақтап тұрғам ЖОҚ,--дедім даусымды көтеріп.

---Мен..., Мен..., Мен сенбей отырмын, рас айтам,-деп жылап жібердім.

Өмірімде дәл осылай қорланып жыламаппын....

Әйел үндемей отырып қалды, өзімді тоқтата алмай, айтылған сөздерді қорыта алмай отырмын. Әйелге аянышты көзбен қарадым да:

---Апай, менен артық сөз кетсе кешірім өтінем..., мен есім ауысып не айтқанымды ұқпай отырмын...., естігендеріме сенбей отырмын ....,-деп тоқтап сұраулы көзбен қарап отырдым. Әйел де ашуы басылғандай болып терең тыныс алды.

----Айтыңызшы, бағана айтқан сөздеріңіз рас па? Пәленбайдың қызы түгенбайдың қызымен дегендеріңіз....,-деп ойлы көзбен қарап жауап күттім.

Әйел жұтынып алып, басын изеп:

--- Рас,-деді. Көзінен, "сен не білмедің бе? Өтірік мүләйімсіме,"-деген ыза көрініп тұрды. Мен сол көзқарастан сескеніп те қалдым. Орнымнан тұрып, шәугімді алып шай қойдым, дастарханды реттеп, не істеп кеткенімді өзім түсінбедім. Есік ашылып сабақтан келген жеті жасар қызым кіргенде, қызымды бас салып құшақтап, жылап жіберіппін. Дүние төңкеріліп отбасымның шаңырағы ортасына түскенін жақсы ұқтым. Есімді жинап, қызымды босатып, жан-жағыма қарасам әйел кетіп қалыпты ...

(2-бөлімнің соңы. Жалғасы бар.)

ЖЕҢІСГҮЛ ТУРСУНБАЕВА
"Өмірден алынған әңгімелер..." тобынан

ҚОР БОЛҒАН БАҚЫТ. 1-бөлім

ҚОР БОЛҒАН БАҚЫТ. 3-бөлім

Loading...