ҚОР БОЛҒАН БАҚЫТ. 1-бөлім

Кейіпкердің айтуымен жазылған

fb.ru

Автор:

Мен желіге әңгіме жазып салғаннан бері көптеген кейіпкерлер ғаламтордан мені тауып, хабарласып, сыр бөлісіп, түрлі оқиғалар жарыққа шығуда. Бірде бір апай жекеме шығып, неше ай бойы ватсаппен сөйлесіп, талай әңгімелесіп, ақыры:

--- "Мен сізбен кездессем, сол үшін сіздің елге барамын, сіз жолыға аласыз ба?",-дегенде таң қалғам.

Шет елден арнайы келіп, сыр бөліскісі келгеніне қарағанда айтары бар, сол сыры жанын жегідей жеп жатыр-ау деген ойда болғанмын.

---"Бүгін мен Алматыға келемін, екіде ұшақтан түстемін, сізбен қай жерде кездесе алам?,"-деп қоңырау шалғанда, тез жиналып, әуежайдан күтіп алдым.

Менің ойымша басына орамал салған, кең көйлек киген апай елестеп, сондай келіншек іздеп, қарайлап келе жатсам:

---Жеңісгул, қызым, мен мындамын,-деген әйелге таңырқай қарадым.

Стильді әдемі кастюм шалбар киген, аяғында сәнді аяқкиім, әдемілеп кесіп, бояп, сәндеп қойған шашы иығына дейін түсіріп қойған, үлкен көзді, сұлу келіншекті көргенде таң қалдым. Күлімдеп құшақ жая қарсы алып, өз туысын көргендей, бетімнен сүйіп амандасты. Сөйлесу кезінде қазақшаға шорқақ болса да, тырысып, түсіндіріп айтып отырғаны байқалады. Ыңғайлы, тыныш мейрамханаға барып, асқа тапсырыс беріп, сусын ішіп отырып, ол кісі мені, мен ол кісіні мұқият қарап отырмыз. Хал сұрасып, қалай жеткенін сұрасып болған соң, апай күле сөйлеп:

---Сіз мен сияқты талай кейіпкерлеріңізбен жүздесіп, әнгімелестіңіз, сізге үйреншікті жай шығар. Бірақ, мен қатты толқып отырмын, -деп күлді.

----Жоқ, үйреншікті нәрсе емес, мен де қатты толқып отырмын, әр адам өзі жеке тулға, жеке тағдыры бар -- жан. Мен сол сырымен бөліскелі отырған адамның көңілінен шыға алам ба? Айтқан оқиғасын ұқсатып жаза алам ба,- деген ойда болам, сіз тіпті басқа елден арнайы келіп, өз сырыңызбен бөліскелі отырсыз, тек сырласып қана қоймай, жазғызып, жарыққа шығармақсыз, ол деген үлкен жауапкершілік. Мен сол үмітіңізді ақтай аламын ба, мен жазушы емеспін ғой? -дедім қобалжып.

Апай қолымның сыртынан ұстап:

---Сіз жаза аласыз, мен саған сенген соң келдім, мен сізді баяғыда жазушы деп қабылдап, туындыларыңызды тамсана оқимын. Ең бастысы мен сол тағдырымды дұрыстап айтып бере алам ба? Сізге жеткізе аламын ба?-деп күрсініп, төмен қарап отырып сөз бастаған еді.

--- Айналайын Жеңісгүл қызым, мен сенің әңгімелеріңді оқудан жалықпаймын. Оқып отырып өмірде жасаған өз қателігімді көріп бармағымды тістеймін. Мен --жасым келген, алпыстан асқан анамын, "Ана"деген атқа лайық емес жанмын. Мен өз өмір жолымды сізге айтып бергім келеді. Әрине ол өмірдің сабақ алар түгі жоқ, тіпті масқара өмір десем де болады. Мен сізді арнайы іздеп басқа елден келіп отырмын, байқағаныңыздай мен қазақ емеспін. Қай ұлт екенімді айтпай-ақ қояйын, сіз қай ұлт екенімді танып отырған боларсыз, ұлтты жазып халық аралық сөзге қалып жүрерсіз. Бұл менің өмірім, ұлтымның еш қатысы жоқ, менімен тағдырлас жан кез-келген ұлтта кездеседі. Өз ұлтыңызға тиіп кетпес үшін тек қазақ келіншегі емес екенімді жеткізсеңіз де түсінікті болар деп ойлаймын. Айтар өмір тарихым әйел баласына маскара әрекет,-деп апай терең күрсініп, алысқа қарап отырып қалды. Мен диктафонды қосып, апайға қарап отырмын.

/-/-/-/-/-/-/-/-/-/-/-/-/

Мен орта шаруа отбасының ортаншы қызы едім, апайларым мен ес білгенде тұрмыста, бауырларым отбасылы болған. Мүгедек ақсақ әкем, денсаулығы жоқ анам болды, менен кіші үш сіңілім, бір інім бар еді. Көп балалар өміріндей менің балалық өмірім бірде аш, бірде тоқ, әйтеуір апайларымның қысқарып қалған киім, көйлектерін киіп өстім. Мектеп қабырғасына қуанышпен барып, білімге деген құштарлығым артып, жақсы озат оқыдым. Ата-анам мені мақтаған сайын талпынып, қызыға бердім. Әкем маған үлкен үмітпен қарайтын, менен үлкен әпке-бауырларым сабақ оқымай, сауаттарын дұрыс ашпай, мектеп бітіріп, әйтеуір екі қолдарына бір жұмыс тауып, өмір сүріп жүрген. Бауырларым колхозда қара жұмысшы болса, апайларым сол сауыншы, еден жуушы, егін суғарушы деген ауыр жұмыс арқалап жүрді. Әкем мен анам мені бір маман иесі болады деп үміт артып, соңымнан ерген іні-сіңілілеріме мені үлгі етіп:

---Ертең Шекер жоғары оқу орнына түседі, маман иесі болып, тап-таза жүреді,-десе, мен өзімді әртүрлі мамандық иесі болғанымды елестетіп, біресе ұстаз, дәрігер, дүкенші, біресе буғалтер болып қиялданатынмын. Ата-анам мені сабағым үшін үй шаруасына да салмай:

---Оқы, қызым, оқы, сен жет, сенің көзің ашық болсын,-деп қолдау беретін.

Есіл дертім білім болды, жан-жақты ізденіп, оқу-оқу деп, мектепті тамамдап, өзім таңдаған жоғары оқуға тегін түстім, ол заманда ақылы деген болмайтын. Ата-анам қуанып, маған бар жақсыны беріп, елден қалдырмай киіндіріп жүрді. Бес жыл жоғары оқу орнын аяқтап, ауылымызға үнемдеуші-есепші болып келгенде әкемнен бақытты адам болған жоқ. Кіші іні-сіңілілерім де сабақтарын жақсы оқып, олар да қалаған оқуларына түсіп жатты. Колхозда бес жыл жұмыс жасап, өз мамандығымның қыр-сырын жақсы меңгеріп алдым. Жасым жиырма сегізден асып барады. Анам бейшара:

---Қызым, сені Аллам әйел қылып жаратқан соң, сен тұрмысқа шығып, өмірге ұрпақ әкелуің керек,-деп айта беретін.

Әкем болса менің тұрмысқа шыққаныма асығудың керегі жоқ дегендей айтатын. Мен сорлы 28-ге келгенше ғашық болып, біреуді сүйіп, тіпті ұнатып көрмеппін. Оқыған адам емеспін бе, жас ұлғайған сайын әйел адамда жыныстық қатынас болмаса, ол жақсы нәрсе емес екенін білетінмін. Өзіме сөз салып жүрген жігіттерді таңдап жүріп, көңіліме жаққан біреуін, үш айдай жүрген болып, сосын ата-анамның алдынан өтіп, құда түсіп алуын өтіндім. Күйеуім мендей беделді, абыройлы, қызға қолын жеткізгеніне қуанып, не айтсам да көніп, құда түсіп алды. Дүрілдетіп той жасалып, мен отыз жасымда ұзатылдым. Барған жерім де жақсы орта болды, тез үйренісіп отбасының тірлігіне араласып кеттім. Өмірге алдымен қызым келді, араға үш жыл салып ұлым да келді. Елден қалмай мен 35 жаста екі балалы болдым. Жүктілік демалыстарда болып, сосын жұмысыма қайта оралып, қызметімді қатар алып жүрдім. Мен кенже келін болдым, ата-енеммен бірге тұрдым. Енем өте жақсы адам болды, кісінің көңіліне қарап, жаны ашып отыратын жан еді. Атам да өте еңбекқор, қарапайым, ашық-жарқын жан болатын. Күйеуім көрікті жігіт еді, ол ерке өскен, өз айтқанын жасатып, өмір сүрген жан болды. Бауырлары қырыққа таяған інісін еркелеткені сонша, айтқанын орындайтын. Бізде сондық өліп-өшкен махаббат болмаса да, бір-бірімізге деген құрмет болды. Маған күйеуімнің қабағы ашық, көңілді жүргені ұнайтын. Ол еркелікпен оқымай, бірақ бауырларының арқасында колхозда жетекші (бригадир) болып, өзі басқаратын ұжымы болды. Қайынағаларым бірі механик, бірі жүргізуші, бірі комбайыншы еді, егістікпен айналысатын колхозымызда олар беделді азаматтар болды. Екі қайын апамның біреуі оқымаған "көп балалы ана", көрші ауылда тұрды, кіші қайын апам төрт баласымен жесір әйел еді, байланыс оқуын (связ) оқыған, ауылымыздың почтасында жұмыс жасады. Өз қайын жұртынан кетіп, ауылға келіп, бөлек үй болып тұрып жатқан. Ата-енем бар балаларына көмек қолын бере білді. Олар үлкен балаларына әрдайым кіші ұлы яғни менің күйеуіме көмек бергіздіріп, соның еркелігін орындатқызатын. Қайынағаларымның тәрбиесі өте жақсы болғандықтан ата-енеме қарсы келмейтін. Менің колхозда бас үнемдеуші болып, қызметіммен қоса беделім де өсіп тұрды, қайынағаларым маған сыймен қарайтын. Менің әке-шешеммен де қарым-қатынас керемет болды. Мен өзімді бақытты әйелдер қатарындамын деп санайтынмын. Тамағым тоқ, киімім бүтін, балаларым бар, басымда үйім, көп қатарларымыздың алды болдық. Күйеуімнің жақын араласып, бала күндерінен бірге өскен төрт отбасы болды, олар да бізбен қатар үйленіп, үйлі, балалы-шағалы болды, тек күйеуімнің достарының әйелдері менен 5-6жасқа кіші болды. Мен күйеуімнен бір жас үлкен едім. Бірақ, сол келіншектер менен кіші болса да, киім киістері, өздерін ұстаулары, жүріс-тұрыстары менен әлде қайда үлкен әйелдер сияқты көрсететін. Жас келіншектер өз күйеулерімен қатар адамдай тез қартайып кеткендей. Сөйлеген сөздері, іс әрекеттері бір үйкүшік қараңғы әйелдердей, халатпен дүкенге бара салу, аптасына бір рет киім ауыстыру, шаштарын орамал астына таралмаған күйі тыға салған, қонаққа келсе де не сәні жоқ, өздеріне жараспайтын көйлек кие салып келуді әдеке айналдырған. Сол төрт досының біреуі менімен бірге кеңседе (конторда) жұмыс жасайтын оқыған жігіт еді. Оның мансабы әлде қайда төмен болса да, ол өзін колхоз басқармасындай ұстап, шырттай киініп жүретін мәдениетті адам еді. Кеңседегі қыз-келіншектер көздерін сүзіп отыратын. Жүрген жүрісі, сөйлеу мәнері тартымды болатын, ол өзіне сонша қыз-келіншектердің ғашық екенін біліп, сезіп, соған өзін лайық ұстайтын. Есімі Дидар еді. Қыздар қалжыңдап: "Дидарайым дудым, бір сен үшін тудым",-деп әндетіп қалжыңдасатын. Дидар десе Дидар, жүзі жарқын, тартымды, ерекше бір сұлулығы бар еді. Мен өз күйеуімді одан да сұлу деп бағалап, оған еш көңіл бөлмейтінмін. Менің күйеуім басқаратын ұжым өңшең қыз-келіншектен құрылған көшетхана-жылыжай (парник) орталығы еді. Ол жерде қысы-жазы тыным жоқ, жұмысбасты адамдар. Жан-жаққа біресе көксақ көшетін, біресе гүлдер көшетін өсіріп, таратып тірлік жасауда. Ол ұжымға көбінше оқуға түсе алмай қалған жас қыздар орналасып, бір жыл жұмыс жасап, бірі тұрмысқа шықса, бірі келер жылы оқуға түсіп, жұмысшылар жиі ауысатын. Күйеуіме өз жұмысы ұнайтын, қыз-қырқын арасында үш-төрт ер адамдары бар көңілді орта. Мен қандай сұлу болса да күйеуімді қызғанып, іс әрекетін аңдып көрмеппін. Үйде ол маған құрметпен қарайды, кеңседе бастықтармен қатар сыйлайды. Маған одан артық ештеңе керек емес еді.

Бірақ, өмір бізге берер сынағын алдыңғы өмірімізге дайындағанын қайдан білейік....

(1-бөлімнің соңы)

ҚОР БОЛҒАН БАҚЫТ. 2-бөлім

ЖЕҢІСГҮЛ ТУРСУНБАЕВА
"Өмірден алынған әңгімелер..." тобынан

Loading...