Найман руының шежіресі туралы не білесіз?

Шежіре бойынша қазақ халқының ең белсенді, саны жағынан да көп таралған найман руы - Орта жүзге жатады

"Көшпенділер". В. Костюкова. Сурет : alma-ata.city

Шежіре бойынша қазақ халқының ең белсенді, саны жағынан да көп таралған найман руы - Орта жүзге жатады. Наймандар жайлы ел арасында түрлі аңыз-әңгіме тарағанымен, олардың шығу тегіне қатысты көптеген қызықты дерек бар. Солардың маңыздыларын OnNews.kz Kaz.nur.kz-ке сілтеме беріп назарларыңызға ұсынады. 

Найман атауы мен руының шығу тарихы

Қазақ халқының найман руы Орта жүздің құрамындағы ең ірі ру. Тарихи деректерге сүйенсек найман руын алғашында "сегіз оғыздар" деп атаған. Олар туралы алғашқы деректер VIIІ ғасырдың ортасына тиесілі. Мұндай деректерді тарихшылар "Кочевники" YouTube арнасында келтіреді. Онда наймандар ғасырлар бойы түрлі қағанаттар құрамында болып, түрлі тарихи оқиғаларды бастан кешіргені айтылады.

"Наймандар туралы деректер алғаш рет VIII ғасырдың ортасынан бастап белгілі. Ол тұста аталған ру "сегіз оғыздар" деп аталған. Олар Ертіс пен Орхон өзені бойында мекен еткен. 744 жылы Екінші Түрік қағанаты құлайды. Оның орнына Ұйғыр қағанаты құрылып, сегіз-оғыздар сол қағанаттың құрамына кіреді. 840 жылы Ұйғыр қағанаты құлап, "сегіз-оғыздар" үш елдің құрамында қалады".

Одан бөлек аталған дереккөзде "найман" атауының шығу тарихы жайлы да баяндалады. Онда "найман" атауын моңғолдар емес, ежелгі қидан тайпасы бергені айтылады.

Х ғасырдың басында Орталық Азияға қидан тайпалары басып кіріп, Қытайдың батысында Ляо империясын құрайды. "Сегіз оғыздар" осылайша аталған империя құрамында болып, оларды қидандар "наймандар" атап кеткен. Осылайша тарихта "найман" руы пайда болады. Тарихшылар "найман" атауын аталған тайпаға моңғолдар берді деген болжам айтады. Алайда Х ғасырдың басында моңғол ұлты болмағандықтан, бұл атауды наймандарға қидандар берді деген болжаммен толық келісуге болады".

Наймандар негізгі үш атаға бөлінген, олар: терістаңбалы, сарыжомарт және төлегетай рулық бірлестіктері. Ертеден әр рудың өзіндік таңбасы мен ұраны болған, Наймандардың ортақ таңбасы – Y (бақан мәні), ұраны – Қаптағай болып саналады.

Наймандардың кімнен тарағаны жайлы пікірлер екіге бөлінеді. Мысалы Шмидт, Позднева, Бартольд сияқты зерттеушілер, оларды моңғолдардың ұрпағы десе, Марғұлан, Аманжолов, Аристовтар түркі елінен шыққан ру деп санайды. Бірақ қазір Наймандар түркі елінің тікелей ұрпағы екендігі толығымен дәлелденген.

Бұл туралы белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор С. Аманжоловтың "Қазақ тілі диалектологиясы мен тарихының мәселелері" атты еңбегінде былай деп жазылады:

"Тарихшылардың жазуынша, найман атауы моңғолша "сегіз" дегенді білдіреді. Деректерде Найман деген адамның аты емес, "сегіз рудың басын қосылған", - деген мағына береді. Наймандар – көне жұрттардың бірі, малы мен басы көп өскен халық".

Найман империясының құрылу тарихы

Өткен жылы сарапшы Рахымғазы Қабдыкәрімнің "Великие каганаты и империи найманов" атты кітабы жарыққа шықты. Кітапта наймандар туралы тың деректер өте көп.

Тарихқа жүгінсек найман елі, оғыздардан тараған. Оғыздардың билеушісі – Өкіреш Найман (Оғызхан), б.з.д 1764 жылдары өмір сүрген, демек Найман елінің пайда болу тарихы 4 мың жылға сәйкес келеді деп негіздеуге болады.

Тарихшының аталған еңбегінде 840 жылы қырғыздар мен наймандар біріккен әскер Ұйғыр қағанатын талқандайтыны айтылады. Олардың астанасы Ордабұлақты басып алып, наймандар өз елін, Найман елін құра бастаған деседі. Мәселен, 847 жылы тоғыз-оғыз наймандары қағанатты қайта қалпына келтіруге тырысқан ұйғырлардың соңғы ханы Юкукты өлтіреді.

Осылайша наймандар өз ханын сайлап, өз мемлекетін жасақтай бастайды. Осы кезеңнен (840 жыл) бастап Найман қағанатының құрылған кезі болып есептеледі, дейді зерттеуші.

Ежелгі мемлекеттер картасы. Сурет: Yvision.kz

Тарихтан, географиядан тоғыз-оғыздар мен наймандар тұрған территория сәйкес келетіндіктен, оларды бір ел деп қарастыруға болады.

Найман елі өте намысшыл халық. Тарихтан олардың үнемі өз елдерін нығайту, өз жерлерін сақтау мақсатында жасалған жорықтары мен соғыстар осының дәлелі. Олардың 25 жыл бойы Шыңғысхан ордасымен күресіп, Түрік қағанатымен жауласуы да бәріне мәлім. Шыңғысханнан жеңіліп қалса да, Моңғолия имеприясында олар өздерін тәуелсіз ел ретінде ұстады.

Ал Көк Орда тарап кеткенден, наймандарда екіге бөлініп кетуге мәжбүр болды. Олардың бір бөлігі Қазақ хандығының құрамына енсе, енді бірі Шайбанидың хандығына еніп кетті. Қазақ хандығы құрамында, наймандар ойраттардан көп қысым көрді.

Найман елінен көптеген батырлар, ақындар, билер шыққан. Қазіргі таңда наймандар шет елдерде өте көп. Рахымғазы Қабдыкәрімнің жазуынша, Найман қағанатында, сол заманның өзінде бір миллионнан артық халқы болған. Сонымен қатар, зерттеуші ел арасында әзіл-шыны аралас: "Наймандар-қазақтың еврейлері",-деген тіркестің де мәнін түсіндіріп берген.

"Ұлы жүз бен Орта жүздің бір бөлігі ұзақ уақыт Қоқан хандығының езгісінде болды. Қазақтар Жетісуді қайтарғанға дейін бұл аймақ ұмыт қалған өлке болды. Ал наймандар шығыс пен солтүстік, Ұлытау мен Алтайға дейінгі жерді жайлады. Ұзақ уақыт орыстармен араласты, сауаттырақ, білімдірек, алыстан болжай білетін көреген болды", - дейді автор аталған еңбегінде.

Жазба деректер бойынша алғашқы найман елінің билеушілері 1143 жылдан бастап белгілі болған. Найман мемлекеті XII ғасырдың соңында билік еткен Инаныш Білге Бұқа хан тұсында күшейген. Бұл туралы E-history.kz басылымында былай делінеді:

"Инаныш Білге хан билік құрған заманды Найман хандығының алтын дәуірі деуге болады. Өйткені солтүстігінде қырғыздарды жеңді, батыста қаңлылармен татуласып, қаңлылар Инаныш ханға Гүрбесу сұлуды тоқалдыққа берді. Қарақытай ханынан түбегейлі ат кекілін кесіскеннен кейінгі байланыстарының қалай болғаны туралы нақтылы дерек жоқтығына қарамастан бейбіт өткенге ұқсайды. Инаныш Білге ханның өлімі туралы нақтылы дерек жоқ. Мөлшері 1196 жылдарға сәйкес келеді деп жобалауға болады".

Білге ханның өлімінен кейін оның ұлдары Бұйрық хан мен Даян хандар таққа таласып, хандық ақыры екіге бөлініп, кейін Шыңғыс ханның әскерінен жеңіліс табады. Найман елінің соңғы ханы Күшлік хан болған.

Найман руының тарихтағы ерліктері мен жежіресі

Тарих беттерінде наймандар Қазақ хандығының да, Өзбек хандығыныңда құрылуына белсенді ат салысқан.

Шайбанилардың құрамында найман руы ерекше орын алды. Аса жаугершілігімен көзге түскен олар, Өзбек хандығының құрылуының бірден-бір себепкер.

Әуелде наймандар Әбілқайыр ханды қолдаған болып, оны "қуыршақ хан" етіп сайлап алады. Кейін наймандар Керей мен Жәнібекті қолдап, оның қалмақтарға қарсы жорығына қатыспай, Әбілқайыр хан ойсырай жеңіліп, ел арасында абыройынан айырылып қалады. Бұның ақыры, Қаптағай бастаған наймандар Шу жеріне қоныс аударып, бөлек кетуімен аяқталады. Тарихта Қазақ хандығын құрушылардың қатарында, Керей мен Жәнібекпен бірге Қаптағай батырдың да болуы содан. Керей мен Жәнібек, Әбілқайыр ханнан Қаптағай батыр бастаған наймандар болмағанда бөліне алмас еді. Бұл туралы шежіретанушы Қайрат Зарыпханның "Найман хандары және Шыңғыс хан" деген мақаласында айтылады.

Сонымен бірге шежіреші аталған еңбегінде мынадай қызықты деректі келтіреді:

"Сарманайдан Ақжол, Ақсопы. Ақжолдан Арғын, Ақсопыдан Найман. Ақжолдаса Арғын қалмайды, Ақсопыласа Найман қалмайды, екеуі Сарманайлап қосылса, басқаның тамтығы да қалмайды" деп бекер айтылмаған. Бұл жердегі сарманайлар деп, сары+ман, яғни Осман империясын құрған сары қаңлылар деген мағынаны білдіреді".

Найман руы үш жүздің ішіндегі саны жағынан ең көп ру болып саналады. Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ профессоры Баян Рақышеваның зерттеуінше Қазақстанда ең көп таралған Орта жүздің өкілдері, олардың саны 4 681 000 адам, оның ішінде ең көбі арғындар 2 090 000 адам, одан кейін наймандар, саны 940 000 адам болып есептеледі.

Loading...