«Мен халықты алдап келдім»: Индира Расылхан көпшіліктен кешірім сұрады

«Ринаттың айтқаны рас, бұлар "Алла" деп жүріп алдай береді»

ernur.kz

Әнші Индира Расылхан «Инстаграмдағы» парақшасында тікелей эфирге шығып, тыңдармандардан кешірім сұрады,- деп хабарлады ernur.kz 

«Баршаңызға сәлем. Мені біраз уақыттан бері сағынып қалған шығарсыздар деп ойлаймын. Бүгінгі эфир әдеттегіден ерекше болмақ. Сіздердің алдарыңызда кеткен қателіктерім үшін, өздеріңізді алдап жүрген мәселем үшін кешірім сұрауға шығып отырмын.

Мен сіздерді осы уаққа дейін алдап келдім. Алдарыңызда әнші Индира боп, маған деген құрметтеріңізді, көңілдеріңізді жаулап алуға тырыстым. Бұл мен үшін Алладан берген бақыт қой. Бірақ дін жолына түсіп, әнді қойып кеткелі өз-өзіме есеп беріп, «қаншалықты мен халыққа адал қызмет еттім, қаншалықты менің еңбегім бағаланды» деген сұрақтар келді. Осы сұрақтарға жауап іздей келе көп мәселенің басы ашылды», - деді Индира Расылхан.

Ол әншіліктен қол үзіп, психологиямен айналысқанына өкінетінін жеткізді.

«Соңғы үш жыл көлемінде психологияға бет бұрып, курс өткізіп, адамдарға терапия өткізіп, көмегімді көрсеттім. Осының барлығында менен кеткен қателік көп болды. Шын мәнісінде бұл психология деген Алладан емес, батыстан келген нәрсе екен. Осы уаққа дейін адамдарға «мына техниканы жасаңыз», «мынаны істесеңіз байып кетесіз», «былай істесеңіз жолыңыз ашылады» деп бірталай техникаларды бердім. Және оны өзім де жасадым. Бірақ соны істеген сайын тірлігімнің бәрі кері кетті. Қарызға кірдім, көңіл-күйім жоқ, ішімнен «мен бәрін психология бойынша жұрыс жасап жүрмін ғой, неге бұлай» деп сұрақ қойдым. Сөйтсем, аффирмация, медитация деген нәрсенің бәрі дұрыс емес екен.

Ақиқатқа, Алланы тануға адасу арқылы келдім. Қазір енді қандай мәселе болса да тек дұға ететін болдым. Қиын кезеңді бастан кешірдім. Өте үлкен сынақ келді. Ондайды мен дұшпанымның да басына тілемес едім. Не аурудың санатында, не саудың санатында жоқ жағдайдан өттім.

Осы уаққа дейін менен ақысын төлеп, терапиямды алып, берген техникаларымды орындап жүрген жандар болса, «Индира ханым, біз сізден осының бәрін үйрендік қой» деп өкініш білдіретін жандар болса, онда маған қайта жазыңыздар, тегін түрде дұрыс бағытты көрсетем», - деді әнші.

Индира Расылханның оқырмандары әншіні сынға алды. «Ринаттың сөзінің жаны бар екен. Масқара!», «Бұл әлі де адасып отыр ғой», «Арабияға ма, сирияға ма көшіп кете салшы», «Тамаша әнші еді, бүйтіп жүргені өкінішті», «Алланың жолындамын деп алып бізді алдап келгені не мазақ?!», «Ән айтқаның жақсы еді ғой», «Осылардан курс сатып алып жүргендерде де ми жоқ екен» деп жазды көпшілік.

Loading...