Ырысбала Икрамбай қайырымдылықтың ел білмейтін қиындығын айтты

Танымал блогер Ырысбала Икрамбай мұқтаж жандарға 83-баспана сыйлаған еді.

әлеуметтік желі

Танымал блогер Ырысбала Икрамбай мұқтаж жандарға 83-баспана сыйлаған еді. Алайда блогер әлеуметтік желіде кейбір үйлі болғандарға өкпесі бар екенін жасырмады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, кезінде 77-пәтерді Ұзынағаштан сыйлаған. Енді сол үйдің иесі баспанасын сатып, Қаскелеңге көшкісі келетінін жеткізген. 

"Үйлері еговта өз аттарында, құжаттары өз қолында, үйдің жалғыз иесі - сол адам. Тек өзінің жаққан газы мен светіне ақша төлейді. Тіпті нотариусқа ақша төлетпеймін ешқайсына. Бірақ 5 жыл бойы сатуға, квартирант кіргізуге, бөтен адам тұрғызуға құқығы жоқ. Үй алғаннан кейін үйленсе де, ажырасса да бөліске түспейді. Біз көппен бірге 18 миллион теңгеге үй алдық. Ішіне 2 миллион теңгеге жаңа дүние-мүлікпен қамтамасыз еттік. Баласының еміне деп халықтың атынан 1 миллион теңге берілді. 77-үй деп қуанып, үйді дайындап, табыстаған болатынбыз", - дейді ол.

Ырысбала Икрамбайдың сөзінше, сатпаған күннің өзінде олар үйді босатып, Қаскелеңге кететінін айтқан.

"Бұл әйел қылқылдап Ұзынағаш пен Қаскелеңнің арасын алыссынып, маған 3 рет жазды, ал көмекшілерімнің мазасын алып, ойлансын деп үндемедім. Үндемеген сайын басқа шығып. Баласы тегін ем алады, 1 миллион теңге қаражат жібердім. Массаж керек болса айтыңыз, көмектесеміз жақсы мамандармен дедім. Баласына памперс, киім жіберіп артынан ақымақ екенмін. Қайырсыз қатындардың ісін жасырып, нерв тауысқандарының бәрін ішіме жұтып жүрген не деген ақымақ болғанмын", - дейді ол. 

Блогер халық жинаған ақшаға алынатын үйлерді сатып жіберетіндер көп екенін, мұндай жайттарды көбіне қорлар жасыратынын айтады.

"Халықтың алдына шығарып, жылу жинап, халықтың садақасына үйлі болып, сатып жіберген адамдар өте көп. Айына 10-15 жазады, тексеріп қарасаң, үй алып берген, сатып жіберген. Елге үй алып берген қорлардың, жеке көмектесіп жүргендердің де. Олар бастарын ауыртқысы келмейді. Ағам алғанша, жеңгем жеңгенше деп. Өз абыройларын төккісі келмейді. Келесі сборларға халық ақша салмай қояды деп. Халыққа шығармай, жылы жауып жүре береді. Бердім, құтылдым деп. Шығар десеңіздер шығарып та беремін. Маған бәрібір екен маған абыройың да, басқасы да бес тиын. Қалай бар, солай біліңіздер. Ақша жинайтын кезде халық білу керек, басқа кезде халық керегі жоқ па? Көптің алып берген дүниесін қор қылып, білгенін істеп, жүре беру керек пе, абыройым төгіледі деп мен қарап отыра алмайды екенмін", - дейді блогер.

Ырысбала Икрамбай сұмдық жайттарды да баяндаған.

"Бір қор қайырсыз бір қаншыққа үй алып берген. Оның 2 байы бар. Үйлі болғанда екеуі кезек-кезек келіп, халықтың берген үйін арағын ішіп, тышып, ... қылған. Бір күні екеуі қатар келіп, төбелесіп, қатын екі байын ажыратып жүргенде, газға қойған қазаны атылып, кухнясы өртеніп, быт-шыт болған. Ол жайлы қордың парақшасына жазса, блокқа қойып, отыра берген. Соны маған жазады көршілері. Тағы бір қордан жалғызбасты әйелге үй беріледі. Оның бауыры ауырып қалыпты-мыс. Сол бауырын емдету үшін үйді сатыпты. Емделген бауыр жоқ, халықтың жинаған ақшасына алынған қордың атынан берілген үй жоқ. Содан басты қатырып, бізге Құдайдың құтты күні жазады. Кейбір шүкіршілігі жоқтар бар, ауылдан үй алады, оны халықтың ақшасына қор алып береді. Оны ағасының, әкесінің атына жазып, қалаға келіп, жағдайы нашар квартираға тұрып алады, зар еңіреп бізге звондайды. Қайырымдылық қор деген сайын халықтың ақшасын, садақасын қор қылмайық", - дейді блогер.

Loading...