Жаңадан келген сарбаздарға әлімжеттік жасаған сержант 5 жылға сотталды

Тәжікстан соты армияға жаңадан алынған сарбаздардың шашын қырқып, төбесіне "Конибодом" деген жазу қалдырып, әлімжеттік жасаған сержантқа 5 жыл түрме жазасын кесті.

Азаттық радиосы

Тәжікстан соты армияға жаңадан алынған сарбаздардың шашын қырқып, төбесіне "Конибодом" деген жазу қалдырып, әлімжеттік жасаған сержантқа 5 жыл түрме жазасын кесті,- деп хабарлайды OnNews.kz тілшісі Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Худжанд горнизонының әскери соты 29 жастағы Мухриддин Исломовты "қызметін асыра пайдаланғаны" үшін бес жылға бостандығынан айырды. Сержант жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді деп хабарлады Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосы.

Үкімде Исломов әскери жарғыны бұзғаны айтылған. 2022 жылғы 14 қаңтарда ол әскерге жаңадан алынған тоғыз сарбаздың басында "Конибодом" деген жазу қалатындай етіп, тақырлап алғызған. Исломов әр сарбаздың басына бір әріптен қырып "жазған". Конибодом – Согдий облысындағы қаланың атауы, Исломовтың туған жері. Сержант осы әрекетімен әскер қатарына жаңадан келген сарбаздарға әлімжеттік жасап, сес көрсетпек болған делінген сот ісінің құжаттарында. Бұл оқиға Исфарадағы "Чоркух" шекара заставасында болған.

Соттағы соңғы сөзінде Исломов істеген ісіне өкінетінін айтқан. Адвокаты оның мінез-құлқы жақсы екенін айтып, соттан істі жабуды сұраған.

Озоди радиосының дереккөзі үкім шығарған кезде судья жазаны жеңілдететін жайттарды ескергенін айтады.

Биыл 15 маусымда әлеуметтік желіде "Конибодом" атауы сарбаздардың басында" деген мақала тараған. Ондағы шашын әріпке ұқсатып тақырлап алып тастаған жауынгерлердің суреті қоғамда дау тудырған. Тәжікстан бас прокуратурасы суретті "2022 жылы қаңтарда сержант А. Давлатов түсірген, кейін ол әскери қызметтен кеткен соң жариялаған" деп мәлімдеді.

Бұл Тәжікстанның әскери бөлімдеріндегі әлімжеттіктің жалғыз фактісі емес. Биыл сәуірде әлеуметтік желіде тараған видеода әскерге енді келген сарбаздарды өзге ересек жауынгерлер бетінен, басынан таяқпен ұрғаны көрінеді. Тергеу орындары бұл видео 2022 жылы түсірілгенін, оқиға Согдий облысы Конибодом қаласындағы шекара әскери бөлімінде болғанын анықтаған. Қылмыстық іс қозғалып, бір офицер мен жеті қатардағы жауынгер тоғыз жылдан 11 жылға дейінгі мерзімге сотталған.

Тәжікстан билігі БҰҰ адам құқығы жөніндегі комитетіне жіберген есепке сәйкес, 2019-2021 жылдар аралығында осындай әрекеттер кесірінен елде 100-ден астам сарбаз көз жұмған.

Loading...