«Мұсылмандардан кешірім сұраймын»: Ақтөбеде жолаушыны ұрған ер адам ұсталды

Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргіп жатыр

фото: видеодан скриншот

Ақтөбеде ер адам қоғамдық көлікте жолаушыны ұрып, қашып кеткен, деп хабарлайды Halyq Uni.

Әлеуметтік желіде видео жариялаған әйел күйеуін белгісіз ер адамның ұрып кеткенін айтқан. Жәбірленушінің әйелі жүргізушіден есікті ашпауын талап етіп, полицияға қоңырау шалыпты. Бірақ ер адам терезеден шығып, қашып кеткен.

22 қыркүйекте әлеуметтік желілерді бақылау барысында маршруттық автобус салонындағы белгісіз ер адамның себепсіз жолаушыны жұдырықпен ұрып, ашық терезеден қашып кеткені анықталды. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 40 жастағы ер адамды анықтап, полиция бөліміне жеткізді, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі. 

Ал бейтаныс адамға жұдырығын ала жүгірген азамат «Ол азаматпен бір түсініспеушілік болып қалды. Кейін ол кісімен достастық. Алдағы уақытта  мұндай іс-әрекеттерге бармаймын деп халқымнан, жалпы, мұсылман жандардан кешірім сұраймын» деп кешірім сұрады.

Қазір ұсталған адамға қатысты «Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігі «Бұзақылық» бойынша тергеу жүріп жатыр. 

 

Loading...