Қазақстандағы көмір құны әлемдегі ең төмен бағалардың бірі

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында халықты коммуналдық-тұрмыстық көмірмен қамтамасыз ету бөлігінде жылу беру маусымына дайындық туралы айтып берді.

ortcom.kz

Оның айтуынша, өткен жылдың сәуір айында Ресейге қатысты бесінші санкциялар пакеті қабылданды, ал шілде-тамыз айларында бұл көмір бағасының күрт өсуіне әкелді. Мәселе мынада, Еуропалық Одақ жыл сайын Ресей Федерациясынан 50 млн тонна көмір сатып алатын, енді бұл мөлшерге тыйым салынды. Еуропа басқа аймақтардан көмір сатып ала бастады. Егер бұрын бағалар тоннасына 100-120 доллар аралығында болса, өткен жылы олар 400-ге дейін көтерілді.

«Сұраныстың артуына байланысты өткен жылы елде әлеуметтік көмір көлемінің айтарлықтай сыртқа ығысуы орын алды. Бірқатар «пысық» компаниялар мектептерге, ауруханаларға және басқа да әлеуметтік мекемелерге арналған көмірді шетелге шығара бастады. Көмір көп көлемде Өзбекстанға, Қырғызстанға және одан әрі Еуропаға кеткен фактілер анықталды. Қазақстаннан Польшаға, Чехияға ауыр жүктермен көмір тікелей экспортталды», – деді ИИДМ комитетінің басшысы.

Осы себепті қоймалар мен теміржол тұйықтарында көмір көп көлемде жоғала бастады. Бұл көмірді ауыр жүк көлігімен шығаруды шектейтін бұйрықты шығаруға әкелді. Биыл бұл тәжірибе жалғасады.

Т. Жолмағамбетов атап өткендей, қыркүйек айында Үкіметтің Қаулысы шығады, онда тек бейінді субъектілерге экспорттау құқығы беріледі. Яғни, бұрын көмір өндірумен, сатумен, байытумен айналысқан кәсіпорындар бұрынғы режимде жұмыс істейтін болады. Шектеулер қоймалардан көмір сатып алу арқылы баға айырмашылығынан ақша таппақ болған кәсіпорындарға қатысты болады.

Комитет төрағасының айтуынша, Қазақстандағы көмір құны ең төмен бағалардың бірі. Биыл ол соңғы үш жылда жалпы 15%-ға өсті және тоннасына 7,5 мыңнан 9 мың теңгеге дейін құрайды. Өңірге байланысты көлікпен тасымалдау үстемелеріне қарай ол 25 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Салыстыру үшін: Ресей Федерациясында бір тоннасы үшін көмір бағасы 35 мың теңгені құрайды, Өзбекстанда ол 50 мың теңгеге дейін жетті, Қырғызстанда – 45-50 мың теңге.

Loading...