Мәжіліс отырысында күтпеген жағдай болды

Мәжілістің жалпы отырысына депутат Мақсат Толықбай қазақстандықтардың 8 мыңнан астам өтінішін әкелді

adyrna.kz

Мәжілістің жалпы отырысына депутат Мақсат Толықбай қазақстандықтардың 8 мыңнан астам өтінішін әкелді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы "Адырна-ға" сілтеме жасап.

Мәжілісмен Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, Алматы облысындағы саяжай тұрғындарының мәселелерін айтты.

"Мен саяжайларда тұрып жатқан, бюджеттен бір тиын да көмек алмайтын адамдардың аянышты жағдайын өз көзіммен көрдім. Расында, жағдай өте қиын, халықтың шыдамы таусылып барады. Мен өзім халықпен кездестім. Өтініштер көп. Мен өзіммен бірге 8 мыңнан астам халықтың хатын әкелдім. Міне, осы өтініштердің барлығы", — деді депутат бір қорап құжатты көрсетіп.

Ол облысқа өзі барып, Қонаев, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл және Іле аудандарында 674 саяжай барын білгенін айтты. Ондағы тұрғындардың саны 500 мыңға таяп қалды. Сонымен қатар, жақын жерде қажетті инфрақұрылым жоқ: мектеп, балабақша, қоғамдық көлік, медициналық қызмет көрсету, асфальт, пошта бөлімшесі, байланыс тораптары, әлеуметтік қызметтер мен әлеуметтік нысандар жоқтың қасы.

"Жүздеген мың қандастарымыз саяжай алқаптарына "село" мәртебесін беруді сұрап жатыр. Өйткені, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар бюджеттік қаражатты тек қала мен ауылдық елді мекендерді дамытуға ғана бөле алады", - деді Мақсат Толықбай.

Қонаевтағы саяжай тұрғындары электр желілеріне қатысты қиындықтардан зардап шегуде

Депутат бұл мәселе тек Алматы облысында ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де бар екенін айтты. Толықбайдың пікірінше, үкімет мәселені шешу үшін тез арада арнайы бағдарлама әзірлеуі керек.

Loading...