Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру бастамасы сиыр құйымшақтанып барады – Ермұрат Бәпи

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи премьер-министр және бас прокурорға заңсыз активтерді қайтаруға қатысты депутаттық сауал жолдады

parlam.kz

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи премьер-министр және бас прокурорға заңсыз активтерді қайтаруға қатысты депутаттық сауал жолдады, хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Әділетті Қазақстан құру жөніндегі президент Тоқаевтың бастамасы күн өткен сайын сиырқұймышақтанып барады. Бір адамның отыз жылғы жеке дара билігінен әбден ығыр болған халықтың жаңа Қазақстанға деген үлбіреген үміті үзілер халде. Бұған, ең алдымен, президенттік идея негізінде әділеттілік принциптерін қалыптастыруға тиісті мемлекеттік органдар кінәлі екеніне де әбден көз жетті, – деді ол.

Депутаттың сөзінше 90-жылдары Қазақстанда жекешелендірілген барлық совхоздар мен колхоздар тегістей мемлекеттің жерінде отырғанын айтты.

Олар сол мемлекеттік жерде шаруашылық құрғанын сіз білмейтін бе едіңіз? Жоқ әлде алдамшы прокурорлардың жазып беруімен сіз депутат Бәпиді алдап соғуға болады дедіңіз бе? Есіңізге салайын, Қазақстандағы кеңшарлар мен ұжымшарлардың өз жері немесе Марс планетасынан жалдап алған жері болмаған. Кеңестік кезден қалған мұра бойынша, барлық жер мемлекеттің жері болған. Енді келіп сіз маған «Каменский» совхозы мемлекеттің жерінде отырған, сондықтан ол совхоздың жері жекешелендіруге жатпайды деген «құлаққа сыймайтын» уәж айтасыз. Егер сіздің сол уәжіңізге ден қоятын болсақ, тағы да есіңізге салайын, Қазақстандағы жекешелендіруден үлес-пай ала алмаған жалғыз ғана совхоз бар. Ол – «Каменский» мал тұқымын асылдандыру шаруашылығының 2 мыңға жуық еңбекшісі. Осы заңсыздық қалай орын алды? – дейді депутат Ермұрат Бәпи.

Мәжілісмен «Каменский» совхозының пайшыларынан тартып алынған жер сол «Заңсыз шығарылған активтерді қайтару» туралы заң аясына саяды деп отыр.

Біз, депутаттар, бұл заңды бір айға жетер-жетпес уақытта шұғыл түрде қабылдаған едік. Содан бері үш ай уақыт өтті, заңның орындалу барысынан тырс еткен хабар жоқ. Заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі үкімет жасақтауы тиіс комиссия үш айдан бері неге құрылмай жатыр? Президент Тоқаевтың өкімін шұғыл орындауға неге салғырттық танытып отырсыздар? Әлде «Қазтелеком», «Транстелеком», KEGOC сияқты ұлттық компанияларды және елдің гидроэлектр саласын «ескі» Қазақстанның қожайыны ақыр соңына дейін иеленіп алуына мүмкіндік жасап отырсыздар ма? – деді Ермұрат Бәпи.

Loading...