Түркияда қазақстандық журналист қаза болған жол апаты: СІМ оқиғаның мән-жайын айтты

Сыртқы істер министрлігі Түркияда екі жасар қызымен жол апатынан көз жұмған атыраулық журналистің қазасына қатысты мән-жайды айтты

ашық дереккөзі

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Түркияда екі жасар қызымен жол апатынан көз жұмған атыраулық журналистің қазасына қатысты мән-жайды айтты, деп хабарлайды onnews.kz тілшісі.

"3 қыркүйекте Аланьяда жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан Қазақстаннан барған отбасы зардап шекті.

Оқиға орнында 1989 жылы туған әйел мен оның екі жасар қызы көз жұмды. Отағасы, 1986 жылы туған ер адам, ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр.

2014 жылы туған ұлы да ауруханада, оның денсаулығы мен өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ", - делінген СІМ хабарламасында.

Ведомство қазақстандық дипломаттар аталған отбасының туыстарымен байланыста екенін, оларға барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қатар министрлік отбасы Түркияға туристер ретінде барғанын айта кетті.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Атырау облысы әкімінің орынбасары қазақстандық журналист Арайлым Бағытжан екі жасар қызымен бірге Түркияда жол апатынан қаза тапқанын хабарлаған еді. 

Loading...