«Ұрып тұрмасам құтырып кетеді»: талдықорғандық азамат әйеліне не үшін қол жұмсайтынын айтты

«Қып-қызыл әртіс екен...»

bekiapadres.com

«Міне, үйленгеніме биыл тура он жыл болды. Осы он жылда отбасылық өмірдің ащы-тұщы сәттерінің бәрін бастан кештім. Бірақ отбасы болған соң «ыдыс-аяғымыз сылдырламай тұрмайды». Көбіне сол сылдырдың аяғы «сынумен», «сындырумен» аяқталып жатады. Неге? Неге мен әйеліме жұдырық ала жүгіремін? Осыны бүгін айтып берейін деп шештім», - дейді Жәнібек есімді азамат.

Талдықорған қаласында тұратын оқырманымыз отбасылық өмірін ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.

"Қазір екінің бірі «әйелге әлсіз еркектер ғана қол көтереді» деген пәлсапаны соғады. Сонда менің әлсіз еркек болғаным ба? Жоқ, мен бұл пікірмен келіспеймін. Мен мықты еркекпін, намысшылмын. Сол себепті кейде шыдамай, әйелімді ұрып қоям.

Ең алғаш рет әйелімді не үшін ұрғанымды айтайын. Үйленгенімізге көп бола қоймаған. Еншімізді алып, қалада тұрамыз. Еңбек демалысын алып, ауылға бір аптаға баратын болдық. «Сен жас келінсің, ауылда ерте тұру керек, ата-енеңнің алдын кесіп өтпе...» деп келіндік міндетін, туыстармен қалай қарым-қатынас жасау керегін құлағына құйып қойдым. Бірақ ол менің бұл сөзімді қыстырған да жоқ. Ауылға бара сала, менің үйреткенімнің бәрін ұмытты. «Атам отыр-ау, қайнағам отыр-ау» демейді, «біздің Жәнібек тамақты таңдап жейді, не істесем де жақтырмайды, өткенде жұмысында бірдеңені бүлдіріп, бастығынан оңбай таяқ жеді» деп бүкіл айыбымды көпшілікке аймандай етіп шашып, мені түзетіп алмақшы. Жас келінмін-ау демейді, өзіне қатысы жоқ әңгімелерге араласып, өзінше пікірін айтып, әбден жыныма тиді. Бір апта демалысты әрең бітіріп, қалаға қайттық.

Қайтар жолда көңіліме жақпаған жайттарды тізбелей бастап едім, «менің аузымды жауып қоймақшысың ба, онда мылқау әйел алмадың ба» деп шақ-шақ етеді. Ашуым келіп «еу, таяқ жегің келмесе тіліңді тарт» деп ескерттім. «Ал, мені ұрып қорқытпақшысың ба, ұр, ал, көрейік» деп бой берер емес. Жолдың жиегіне көлікті тоқтатып, далаға қалай атып шыққанымды білмеймін. Бір-екі рет нұқып жіберіп едім, қояр емес. Өзімді-өзім ұстай алмай, жақсылап тұрып бір тартып едім, сұңқылдап жылап, көлікке сылқ етіп отыра кетті. Бағанағы тіл жоқ, мүләйімсіп қалды. Содан кейін екі айдай жап-жақсы жүрді.

Екі аптадан кейін баяғы жырына қайтадан басты. Жаңа мінездер ойлап тапты. Ұрғаным есінде қалып кетіп, менімен ерегескісі келетін шығар. Әйелімнің кім екенін тани түстім. Қып-қызыл әртіс екен. Жолдастармен отырысқа барсақ баршаны баурап алады. «Біздің Жәкең» деп сызылғанда өз әйелімді өзім тани алмай қалдым. Ал екеуміз оңаша қалғанда, мен жоқ кезде мүлдем басқа адам.

Бір жолы іссапарға кететін болып, жолға шықтым. Жарты жолға жеткенде басшылардан «іссапар кейінге шегерілді» деген хабар келіп, түн ішінде қалаға қайттым. Үйге келсем екі інім отыр. Кеш батпай келген екен, тек шай ішіпті. «Мыналарға неге тамақ пісірмедің?» деп едім, «Өздерінен сұрап ем, ішпейміз деді ғой» деп күңкілдейді. Қай қазақ қонақтан сұрап, тамақ пісіруші еді. Күйіп кеттім. Бауырларым кеткен соң, сазайын бердім. Осыдан кейін әртіс әйелім туыстарымның алдында өтірік күле қалатын, өтірік жағымпазданатын, өтірік жаны ашитын адамға айналды.

Осы он жыл ішінде бірнеше рет ажырасуға дейін бардық. Бірақ бала-шағаны қимаймын. Оларды көзін жәутеңдетіп тастап кетуге арым жібермейді. Бірақ онымды түсінетін әйел қайда, жаңа бір өнер шығарып жүр.

Әйелім декреттік демалыстан жұмысқа шығып, үш жасар қызымызға қарау үшін ауылдан анамды алдырғанбыз. Бір күні үйге келсем анам «әп-әдемі әйеліңді неменеге сабай бересің, қай тақияңа тар кеп жүр» деп кейіді. Қызым айтып беріпті, «папам мамамды ұрады» деп. Ешқашан балалардың көзінше әйеліме қол көтерген емеспін. Ондайдың дұрыс еместігін жақсы түсінем. Құртақандай балаға бәрін үйретіп жүрген келіншегім деп топшылап отырмын. Топшылап емес, оған жүз пайызға сенімдімін. Басқасын былай қойғанда, енді мені балаларыма жеккөрінішті етпекші ғой. Одан да өзін түзеуге тырыспай ма?

Ішпеймін, шекпеймін, үйге уақтылы келем. Басқалар сияқты сыралатып, сауналатып жүру табиғатыма жат. Бір тиын тапсам балаларыма тасып әуремін. Бірақ сонда да әйеліме жақпаймын. Отбасылық өмірде бақытсызбын".

Loading...