Ақтөбеде 19 жастағы егіз студенттер айына 1,5 миллион теңге табыс табудың құпиясын айтты

19 жастағы екі егіз студент дала өнерін кәсіпке айналдырып отыр

massaget.kz

Ақтөбедегі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде оқитын егіз  жігіттер Ерназ және Елназ Жолановтарды қазір қала жұртшылығы танып қалды. 19 жастағы екі егіз студент дала өнерін кәсіпке айналдырып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Батыс аймақта аса танымал емес"

Медицина университетінің 4-курсында оқитын егіз жігіттерді бірінен бірін ажырату қиын. Пысық, жанып тұр. Жас болса да істеріне мығым екенін байқайсың. Екеуі де мемлекеттік грант негізінде оқиды. Жастар Ырғыз ауданы Жаныс би ауылында туып, өскен. Ал осыдан үш-төрт ай бұрын жігіттер рухани орталық ашыпты. Бұл жерге келушілер қыш құмыра жасайды.

Фото: massaget.kz

"Бұл кәсіпті бастамас бұрын біз Ақтөбедегі ахуалды әбден зерттедік. Қыш құмыра жасау өнері оңтүстік өңірде жақсы дамыған, ал батыс аймақта аса танымал емес. Егер ос істі бастасақ, тәуір табыс табатынымызды түсіндік. Осылайша "Dala crafts" орталығының франшизасын сатып алдық. Қажетті  қаржының бір бөлігін өзіміз жинадық. Түрлі видолар түсірдік, әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін пайдаландық. Күні-түні ерінбей жұмыс істедік. Ал қалған жетпес қаржыны ата-анамыз, апа-жездеміз берді. Сөйтіп істі бастап кеттік", — дейді Ерназ.

Екі жігіт қаланың қақ ортасындағы бизнес орталығынан екі бөлмені жалға алады. Бұл жерді ұлттық нақышта әсемдейді. Тұс киіз іліп, суретке түсетін арнайы орын дайындайды. Қыш құмыра жасауға қажетті бұйымдармен жабдықтайды. Шикізатты Алматыдан алдырады. Аз уақыт болмай-ақ келушілердің саны артады.

"Қыш құмара жасау бұл - дала өнері. Біздің мақсатымыз - осы өнерді жаңғырту. Құмыра таза қыштан жасалады. Әсіресе балаларға өте пайдалы. Қолдың моторикасын жақсартады. Күйзелістің алдын алып, адамға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Жастар үшін, оның ішінде ғашықтар үшін өте қызықты.  Бір жерге барып фастфуд жегеннен, біздің орталыққа келіп есте қаларлық романтикалық кеш өткізеді. Керемет қазақи атмосферада өздерін ерекше сезінеді. Олар өз қолдарымен құмыра жасайды, видеоға, суретке  түседі. Жасаған бұйымын өздерімен бірге алып кетеді", - дейді Ерназ.

"Төрт адамды жұмыспен қамтып отырмыз"

Отау құратын жастар орталыққа келіп  Love Story  түсіреді. Жастар, балалар, отбасымен келетіндер көп. Тек ақтөбеліктер емес, өзге қаладан келген қонақтар да жиі бас сұғады екен. Жалпы сұраныс жоғары көрінеді. Қазір егіздер айына шамамен 1,5 миллион теңге табыс табатынын айтты. Бұған қоса төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Оларға айына 180-200 мың теңге аралығында еңбекақы төлейді.

Фото: massaget.kz

"Медицина университетінде оқу жеңіл емес. Күндіз сабақта болсақ, кешке жұмыс істейміз. Ақтөбе медициналық орталығының шұғыл хирургия бөлімінде санитар болып еңбек етеміз. Оқуымызға кедергі болғанын қаламаймыз. Сондықтан барлық шаруаны мамандар атқарады. Құмыра жасайтын шеберді арнайы ақы төлеп, оқытып алдық. Өзіміз де қолымыз қалт еткенде орталыққа келіп видео түсіреміз. Жалпы өзім қатарлы жастарға айтарым ерінбеу керек",  - дейді Елназ.

Сондай-ақ егіз жігіттер тазы өсіреді. Ұлттық өнерді жаңғыртуға үлес қосып жүр. Жастардың алға қойған тағы да басқа жоспарлары бар. Әзір оның құпия екенін айтты. Бір бірнен аумайтын  егіз жігіттерді оқытушылары әлі күнге дейін ажырата алмайды екен. Кейде бірінің орнына бірі сабаққа баратын кездері болады. Екеуі де қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Қандай жағдай болса да бір біріне қолдау көрсетеді.

 Кәмшат Сексенбайқызы

Loading...