"Емханаға күніне 4 миллион теңге кетеді": Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақстандық жансақтау бөліміне түсті

Оңтүстік Кореяда жұмыс істейтін алматылық Арман Ахметшаев ауыр халде Тэгу қаласындағы аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды.

stan.kz

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Korea_komek қайырымдылық қорының Instagram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Оңтүстік Кореяда жұмыс істеген Қазақстан азаматы Арман Алмазұлы Ахметшаев Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласындағы ауруханаға жатқызылды. Жағдайы ауыр, қазір жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Дәрігерлер церебральды гипоксия мен церебральды ісіну деген диагноз қойды", - делінген хабарламада.

Арманның жұбайы Бану Жақсылықова күйеуіне не болғанын әлі білмейтінін айтты. Оның айтуынша, емханада жату тәулігіне төрт миллион теңге тұрады.

"Біз онымен күн сайын бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп отырамыз. Үнемі ақша жіберіп отырады. Нақты не болғанын өзіміз де білмейміз. Мүмкін белгісіз біреулер оны өлтірмек болды. Күйеуім шетелдік болғандықтан Оңтүстік Корея бұл істі тергеп жатқан жоқ. Ол ешқашан денсаулығына шағымданбады, бірақ соңғы кездері жұмыстың аздығын айтты. Қазір оның еміне ақша керек, өйткені Тегудегі емханаға күніне шамамен 4 миллион теңге кетеді. Кореядағы қазақтар бізге көмектеседі. Бірақ мемлекет тарапынан ешқандай қолдау да, көмек те болған жоқ", – деді Арманның жұбайы.

Сондай-ақ, әйелі Арманның көңілді, жаман әдеттерден аулақ екенін, футболға қызығатынын атап өтті. Алматыда инженер-электрик болып жұмыс істеген. Банудың өзі Алматы облысы Қарасай ауданы Үштерек ауылындағы мектепте сабақ береді.

Loading...