«Ар-намысына тиіп, күндегенге мәзбiз!». Назаров әріптесі Тұрлыхановты аяқтан шалушылар бар екенін айтты

Күні кеше ғана Дәулет Тұрлыхановтың тағы бір ұлына көшеде қызға кол көтерді деген айып тағылған еді

Коллаж: dalanews.kz

Осыдан кейін Мәжiлiс депутаты Ардақ Назаров болған жағдайға қатысты пікір білдіріп, бұл оқиғаны депутатты аяқтан шалушылардың кезектi қитұрқы әрекеті деп бағалады. Бұл туралы OnNews.kz тілшісі dalanews.kz-ке сілтеме беріп хабарлайды.

– Дәулет аға – қазақтың батыры! Нағыз ер! Нағыз азамат! Расын айтсақ, ол кісіге мансап та, дүние де қажет емес. Бір басына жетерлік абырой-беделі мен дүниесі бар. Қызметке келген мақсаты біреу – елінің жыртығына жамау болу…

Кеше Жақсылық ағамыз өмірден озды, орны ойылып қалды. Тiрiсiнде қадiрiн бiле алмадық. Ендiгi ол кiсiнiң ізбасары Дәулет аға сынды елім деген ерлер. Дәулет аға басқа елге барса, олар тiкесiнен тік тұрады, азаматтың қадірін біліп, төбесіне көтереді. Ал бiз ше? Азаматымыздың абыройына нұқсан келтiрiп, жанұясын жарыса жарнамалап, аяғынан шалып, ар-намысына тиіп, күндегенге мәзбiз. Бұлай жасау ұлтымыздың болашағы үшін қауіпті, – деп жазды депутат.

Депутат көпшiлiктi болған жағдайға байыппен қарауға шақырды.

– Кейінгі уақытта, елiнiң сөзін сөйлейтін, Қазағына жанашыр тұлғалардың сөздерін бұрмалап, арнайы видеолар дайындап, дұрысты бұрыс етіп көрсететін топтар пайда болды.

Олардың арам ниеті мынау – елiне жанашыр, халқына қамқор болып жүрген азаматтарды қарапайым халыққа терiс етіп көрсетiп, абыройын түсiрiп, тәуелсіздігіміз бен бiрлiгiмiзге нұқсан келтіру. Ойланайық Қазағым, – делінген жазбада.

Болған оқиға депутат айтқандай Дәулет Тұрлыхановтың аяқтан шалу екенін түсіне алмадық. Дәл осы мәселеге қатысты ойын айтқан Дәулет Тұрлыханов бұл баласының тікелей өзіне қатысты мәселе екенін айтып, мұны өзін аяқтан шалу деп деп қабылдамайтынын байқадық.

Loading...