Орамал таққан екі бойжеткен бір күйеуге тұрмысқа шығамыз деп жар салды

"Неке" парақшасында 20 жастағы қыздар тоқал болуға дайын екенін айтты

kyn.kz

"Неке" парақшасында 20 жастағы қыздар тоқал болуға дайын екенін айтып, мұсылмандыққа берілген, тек шариғат заңымен жүретін ер адамдарға іздеу салуда.

Қазақстан халқы "Kazakhstan_nikah" деп аталатын парақшадағы өзге де хабарландыруларды оқып шошыған. Өйткені онда 18-ге  енді толған қыздар иманы берік азаматтарды жарыса іздеп жатыр. Олар екінші әйел болуға да қарсы емес, тіпті кенже тоқал болуға сұрануда, деп жазды KYN.KZ  тілшісі.

"Неке" деп аталатын Инстаграм парақша біраз уақыттан бері хабарландыру арқылы неке құрғысы келетіндерге жұп табумен айналысады. Онда 18 жастан асқанның бәрі біріне күйеу, біріне әйел іздеп әлек. Көпшілігінің басты мақсаты мұсылман заңымен өмір сүретін жұп табу екен. Ең сорақысы  19 жастағы  Салима және Айгүл есімді қыздар  жабынғанын, екеуі Қазақстанда тұратын бір ер адамға тұрмысқа шығатындарын жазған.

"Салима және Айгүл оранғанбыз.  Жасымыз 19-да. Тұрмысқа қазақстандық  мұсылман ағаға шығамыз. Талабымыз ер адамның жасы  әрі кеткенде 40-та  болуы керек. Ұлты қазақ немесе кавказдық болуы керек",-деген қос бойжеткен.

Олар өздерінің көзі ғана көрініп тұратын суреттерін салып, үміткерлер болса сол жерге пікір қатарына өзі жайлы ақпарат қалдыруды сұраған. Дәл сол Инстаграм парақшасында бұл жағдай қалыпты сияқты. Өйткені ешкім таңқалмаған. Пікірлер де  шариғат заңына сай хабарландыру дегендей жағымды.

Loading...