Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады.

stan.kz

Президент адам отбасыдан тәрбие алып, жақсылықты бойына сіңіретінін, тіпті патриоттық сезімді ұғындыратын да отбасы екенін атап өтті.

“Құрметті отандастар! Баршаңызды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. "Отан отбасынан басталады" деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады.   

Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды "Адал азаматқа" тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады”, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан құрудағы басты міндет – әр отбасының әл-ауқатын жақсарту екенін айтты.

“Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді. Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі. Қазақстандағы әрбір шаңырақтың керегесі кең, босағасы берік болсын Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін”, – деді Президент.

Loading...