«Қарт адамды кемсіткеніне шыдай алмадым»: Әкім автобуста қарияға араша түскен қызды марапаттады

Алматы әкімі автобуста зейнеткерге араша түскен қызды марапаттады

Алматы қаласы әкімдігі

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев 15 жастағы Жаннұр Нұржанға қоғамдық көлікте қарияға көмек көрсету кезіндегі мейірімділігі мен батылдығы үшін грамота мен естелік сыйлық табыс етті,- деп хабарлады turkystan.kz.

«Мен сіз түсірген бейнені желіден көрдім және көптеген алматылық сияқты бұл оқиға да мені де бейжай қалдырмады. Бір жағынан, ол жолаушылардың әрекетіне қынжылдым, ал екінші жағынан, сіздің әрекетіңізге риза болып, өзіңізбен мақтандым», – деді әкім кездесу барысында.

Қамқорлықтың үлгісін көрсеткен жас қыздың батылдығы жұртты сүйсінтті. Алматы қаржы-экономикалық колледжінің 2-курс студенті өзін қолдағандарға алғыс айтып, барлық адамға қамқорлық көрсетуге шақырды.

«Ол адамның орнында менің атам болуы мүмкін еді деп ойладым. Сол себепті басқаша әрекет ете алмадым. Қарт адамды сөзбен қорлағанына, кемсіткеніне шыдай алмадым. Өзім атаммен бірге тұрамын, оған әрдайым қамқорлық, сыйластық танытамын. Менің тәрбиемде ол маңызды рөл атқарады», – деді Жаннұр.

Естеріңізге сала кетейік, Алматының 119-шы маршрутында қарт адам тосап салынған құмыраны байқаусызда сындырып алды. Кейбір жолаушылар оны айыптай бастағанда, жасөспірім зейнеткерді жақтап, автобустың еденін киімімен сүртті. Бейнеролик әлеуметтік желілерді тарап, Жаннұр Нұржанды қолдаған жүздеген пікір жазылды.

Loading...