Жамбылда ашуға булыққан тұрғындар әкімнің кабинетіне басып кірді

Жамбыл облысының жаңа сайланған әкімі Ербол Қарашөкеевтің басы алғашқы жұмыс күнінен бастап дауға қалды

Бейнеден скриншот

Әкімдікке жиналған ата-аналар шенеуніктің күні кеше жайғасқан жылы кабинетінен сыртқа шығуын талап етті. Өйткені өңірдегі жекеменшік мектепте оқитын 10 мыңнан астам оқушы тегін тамақтан қағылған екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Одан қалды оқу жылы қарсаңында көмек ретінде берілетін 40 мың теңгенің де бір тиынын көрмедік дейді наразылар. Ата-аналар жеке мектепке балаларымызды ақшамыз асып-тасығаннан емес, мемлекеттік мектептің болмауынан бердік дейді.

Тараздағы 15-ші шағын ауданда тұратын өкпелі жұрт өгейдің күнін кешкен. Балаларын жекеменшік мектепте оқытудан басқа амалы жоқ. Өйткені Ұлы дала ауданында әлі күнге бірде бір мемлекеттік білім ошағы бой көтермеген. Сол себепті мұндағы оқушылар мемлекет тарапынан берілетін тегін тамақ пен қаржылай көмектен қағылдық дейді.

Ашуланған ата-аналар облыстық әкімдік алдында айқайға басты. Олар өңірдің жаңа басшысымен кездеспек болған. Бірақ Ербол Қарашөкеев келмегесін, жиналғандар әкімнің кабинетіне басып кірді. Әкімдіктегі шенеуніктерден бастап құзырлы органдарға дейін аяғынан тік тұрғызған ата-аналар су жаңа әкімді де жұмсақ креслосынан тұрғызбай қоймады. Аймақ басшысы жиналғандарды залға кіргізіп, арыздарын министрлікке жеткізетінін айтты.

"Қазіргі таңда бұл мәселе ашық. Министрлік айналысып жатыр", – деді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.

"Енді бұларды министрлікке қарауын ұсынып жатырмыз. Жақын күндері қаралады. Сөйтіп жекеменшік мектептерді қосайын деп отырмыз. Сол өзгерісті күтіп отырмыз", – деді Жамбыл облысы білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек.

Сосын жаңа әкім ертең дауы басылмайтын, мәселесі таусылмайтын ауданға өзі барып, мәселені май шаммен қараймын деп басу айтқандай болды.

"Министрлікпен, қазір министрмен сөйлесіп, проблемаларыңызды жеткіземін. Ол жағынан күмән болмасын. Мен шағынауданды өз аяғыммен жүріп аралаймын. Уайымдамаңыздар", – деді әкім.

Кездесуде тек Жамбылда ғана емес, барлық өңір бойынша жеке мектептерде ақылы тамақтанып жүрген оқушылар жайында да сөз болды. Шенеуніктер бұл мәселе жақын арада Мәжіліс мінберінде көтерілетінін айтып қалды. Егер ұсыныс қабылданса, жаңа заңға өзгерістер еніп қалуы бек мүмкін. Ал мектепке жарымаған Ұлы дала ауданында қазір төрт мектептің құрылысы жүріп жатыр. Қараша айында 1200 балаға арналған су жаңа ағарту ошағы мерзімінен бұрын пайдалануға берілмек.

Loading...