Мәжілісмендер мектеп бағдарламасынан "Орыс әдебиеті" пәнін алып тастау жайлы пікірін айтты

Мәжіліс депутаттары мектеп бағдарламасынан орыс әдебиетін алып тастауға қарсылық білдірді

bangkokbook.ru

Мәжілісмендер мектеп бағдарламасынан "Орыс әдебиеті" пәнін алып тастауды ұсынған блогермен келіспеді. Бұған дейін қазақстандық коуч және психолог Гүлмира Шауенова осындай ұсыныс білдірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Гүлмира Шауенованың ұсынысын журналист-блогер Сырым Итқұлов пен Әйелдер мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Тоғжан Қожалы да қолдаған. 

Шауенованың сөзінше, оқушылар орыс әдебиетін ұзақ оқып, "Қылмыс пен жаза" секілді шығармалар бойынша эссе-шығарма жазады. Жазба иесі мұны жасөспірімнің миындағы "қоқыс" деп атаған. 

Бұл мәселеге қатысты экс-оқу-ағарту министрі, мәжілісмен Асхат Аймағамбетов Достоевский мен Лермонтовты оқушылар білуі керек екенін айтты. Айтуынша, министр болған кезінде өзі де мектеп бағдарламасына әлем әдебиеті туралы пәнді енгізбек болған.

Press.kz басылымының мәліметінше, мәжіліс депутаты Динара Шүкіжанова еліміздегі мектептерде орыс әдебиетінің оқылуын қолдаған. 

"Бұл мәселеге қатысты менің жеке пікірім пәнді алмау керек. Себебі олар – классиктер. Мен де әдебиетті тереңдете оқытатын мектепте білім алдым, 5-6-сыныпта Достоевский, Лермонтов пен Пушкинді қазақ жазушыларымен қатар оқыдым. Мен әлем әдебиетін бағдарламаға енгізер едім, себебі ұлт жастардың білімді болуына ұмтылуы қажет. Қазақ, орыс пен шетел жазушыларын білу керек, бұл біздің ой-өрісімізді кеңейтеді", – деп мәлімдеген ол.

Loading...