Маман жын кірген кісі адамшошырлық әрекеттерге баратынын айтты

Соңғы уақытта дем салып, адамның ішіне кірген жын-шайтанды шығаратын мамандардың саудасы қызып тұр

qamshy.kz

Бекжан Әжімов – экзорцист, парапсихолог. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, адамның бойынан жын-шайтанды шығарушы. Оның дәл осы іспен айналысып жүргеніне 4 жылдан асыпты. Ол бұл салаға ойда-жоқта келгенін айтады. Бүгінде мұндай мамандарға сұраныс артқан, соған сай бағасы да шарықтап тұр екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.

Соңғы уақытта дем салып, адамның ішіне кірген жын-шайтанды шығаратын мамандардың саудасы қызып тұр. Мәселен, жын кірген адамды қалай анықтауға болады, дәл сол дертке шалдыққан науқастардың алғашқы әрі негізгі белгілері қандай? Маман ашығын айтты. 

"Біріншіден, өмірден түңіле бастайды. Тек әлсіреп жата береді. Жеке қалғанды жақсы көреді, қараңғылықты жақсы көреді. Мінезі өзгере бастайды. Өте ашуланшақ, сәл бір нәрсеге ренжіп, көптеген жағдайда "өлем" деп айтады. Кейбірі себепсіз қорқады. Бір бөлмеде өз-өзімен жата алмайды. "Мені біреу өлтіргісі келіп жатыр", "Мені біреу қуып жатыр" дейді. Түнде аяқтарынан тартады, ұйқы жағы тыныш болмайды. Былай қарағанда ол адамдар сырт көзге жат қылықтар жасайды. Бұрын өмірге құштар адам басқаша боп өзгеріп кетеді. Сыртқы әрекеті қарай үйіндегілер оны ажырата алады. Алғашқы белгілері осындай", – дейді жын шығаратын жігіт. 


Бойын жын-шайтан билеген адамдар түрлі адамшошырлық әрекетке баратын көрінеді. Мәселен, бұл тізімде суицид жасайтындардың саны көп екен. 

 "Бір жас жігіт: "Мені біреу өлтіргісі келіп жатыр, мен қорқамын" деп достарына айтқан, әке-шешесіне айтқан. "Сені кім өлтіреді? Сен бір бизнесменсің бе, қуып жатырсың" деп ешкім мән бермеген ғой. Сол жігіт ас үйдегі пышақпен өз мойнына 47 рет пышақ тығып, үш минутта өзін өлтіреді. Мұны қалай өз-өзін өлтірді деп айта аласыз? Мысалы, қолға ине кірсе ойбайлаймыз ғой. Мойынға 47 рет пышақ тығу деген әрине параллельді әлемінің әсерінен болып жатқан дүние. Кейде үйді жылытатын құбырларға белдікті байлап асылып қалатындар бар. Белдікке асылып өледі деп ойламайсың, бірақ солай өлетіндер бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисіне жүгінетін болсақ, қияметте менің үмбетімнің көбісі осы жын-шайтандардың әсерінен, екіншіден, жұқпалы вирустық аурулардан дейді. Коронавирус, оба секілді аурулардан өледі дейді. "Вирустық ауруларды жындар жасайды" деп Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтып кеткен", – деді маман. 


Бекжан Әжімовтың айтуынша, бүгінде жын шығаратын мамандардың ақылы көмегіне жүгінетін науқас көп.  

"Менде бір сеанс 20 мың теңге. Жалпы, шариғатта сиқырға, жынға қарсы дем салушы адамға "ставка" қоюға рұқсат етілген. Төрт мәзһапта да рұқсат. Себебі бұл адам параллельді әлемге кіргеннен кейін өзінің басын бәйгеге тігіп отыр. Оңай дүние емес. Ол қанша сұрасада оны біз шектей алмаймыз. Себебі бұл екінің бірі араласып, жасайтын дүние емес. Енді сен осындай мәселеге душар болдың ба, емделу үшін оның ақысын беру керексің. Әрине, оған аз сұрамайды. Мысалы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) заманында бір сахаба бір адамға деп салады да, 100 қой алып кетеді. Пайғамбар (с.ғ.с) үндеген жоқ, рұқсат береді. Біздің қоғамда дем салуға 100 қой сұрап жатқан адам жоқ, ары кетсе 20-50 мың теңге сұрайды. Ол мәселе емес қой. Немесе емдеу курсына 200-500 мың сұрауы мүмкін. Мысалы, кейбір асқынған түріне 1 миллион теңге сұрауы мүмкін. Егер ауырып, соған нақты сенсең амал жоқ бересің. Ол да бір рухани операция ғой. Сынға алудың қажеті жоқ. Ал енді бергің келмей ме, онда сақтану шараларын жаса, ауырма. Бұл саламен мәселең болмасын", – дейді Бекжан Әжімов.

 
Сондай-ақ ол бұл сұхбатында жын шығаратын маманды дұрыс таңдау үшін нені ескеру керектігін, адамның жын-шайтаннан сақтанудың жолдары қандай, сиқыр арқылы дуаланып, кейін жеке өмірінде жолы болмаған жандар жайлы және жын кірген кісінің қоғамға қауіптілігі туралы айтты. 
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan Kz Youtube арнасынан көріңіз.

 

Loading...