Жасанды интеллект адамға телепатиялық қабілет берді

Жасанды интеллект енді бірнеше жылда адам өмірін танымастай өзгертеді деген болжамдар шындыққа айналуда. Өз ойын басқа адамдарға ешбір қимылсыз, тілсіз тек ойлау арқылы ғана жеткізетін құрылғы жасалды. Адам ойындағысын түсініп, оны мәтінге, аудио түрінде таратуға жасанды интеллект көмектеседі.

ашық дереккөзден

Генеративті жасанды интеллект алдағы бірнеше жылда көптеген салада төңкеріс жасайды деген болжамдар іске асып келеді. Unbabel компаниясы адамдарға дене мүшенің қимылынсыз, қозғалысынсыз тек ақыл-ойды пайдаланып, қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін технология жасауда.  Slash Gear платформасында ойын басқа адамға тек ойлау арқылы ғана жеткізетін құрылғы туралы мақала жариялады. Осы мақаланың негізінде Aikyn.kz болашақтың технологиясының жұмыс істеу алгоритмін талдап түсіндіреді.

Фото Shutterstock сайтынан алынды. Авторы: Ezume Images

Unbabel компаниясы алғашында әртүрлі тілде сөйлейтін тараптарға,  адамдар мен компанияларға – бірін-бірі түсініп сөйлестіретін синхронды аударма қызметін жасаумен айналысқан. Соңғы төрт жыл бойы өздеріне жаңа бағыт таңдап: адамның ойындағысын анықтап, оны мәтінге түрлендіріп басқа адамға жіберетін құрылғы жасаумен айналысуда. OpenAI шығарған ең озық генеративті жасанды интеллектпен біріктірілген Halo деп аталатын киілетін құрылғының прототипі дайын болды.

Ми сигналдарын мәтінге және басқа формаларға түрлендіру үшін интрузивті әдістерді қолданатын Neuralink және басқа компаниялардан айырмашылығы, Unbabel бұлшық ет реакциясы мен электр белсенділігін өлшеудің арзан әдісі саналатын электромиографияны пайдаланады.

Halo прототипі электромиография сенсорларын қолға байланған жіңішке бауға орнатқан. Сенсорлар адам белгілі бір сөздер туралы ойлағанда оның қолының бұлшық еттерінің жиырылуын талдайды.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Francesco Carta fotografo

Осы принципті пайдаланатын ұқсас құрылғылар Meta-ға тиесілі технологиялық компанияда бұрынырақ жасалғанымен, Halo құрылғысы ЖИ-дің соңғы жетістіктерін пайдалануды таңдаған.

Қазіргі құрылғылар қарапайым ұғымдар мен сөздерге байланысты бұлшық еттердің жиырылуын, өзгеруін талдап, адамның ойын шамалап болжай алады. Бірақ генеративті ЖИ сол сигналдарды түсіндіре алады және адамның ойындағы сөздерді дұрыс табуға көмектеседі. Пайдаланушы ЖИ-дің болжаған сөздерінің дұрыстығын растап, мәтінді басқаларға таратуға келісім береді.

Unbabel компаниясының құрылғысы пайдаланушының смартфонындағы қолданба мен сымсыз құлаққаппен жұптастырылған. Қолданба хабарламаларды құлаққаптар арқылы пайдаланушыға жеткізе алады. Бұл бүгінде адамдардың өздерінің хабарламалары туралы хабарландырулар алатынына ұқсайды. 

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Adelevin

TechCrunch сайтының тілшісі Halo-ны тікелей тестілеудің куәсі болған: компанияның бас директор Васко Педродан бүгін таңертең қандай кофе ішкені туралы құлаққап арқылы жіберілген мәтін арқылы сұралады. 

Педро «қара кофе» деген сөзді ойлаған кезде, оның қолының бұлшық еттерінің сигналдарын электромиография құралы қабылдайды да ЖИ-дің талдауына жібереді.  ChatGPT 3.5 жасанды интеллекті алдын ала Педроның белгілі бір сөздер мен сөз тіркестеріне физикалық реакциясын білгендіктен, ЖИ бас директордан құлаққап арқылы оның «американо» туралы ойлағанын сұрайды. Педро мұны растаған кезде, жауап мәтін түрінде Telegram арқылы жіберіледі.

Осы процестердің барлығы әріптерді терусіз, тіпті дене қозғалысынсыз іске асырылып, журналисті таңғалдырады. Психологиялық эксперименттердің қызықты нәтижелері де болады. Төмендегі видеодан көріңіз:

Halo құрылғысы сөйлей алмайтын, сал ауруына шалдыққан адамдарға өте пайдалы болуы мүмкін. Жеке адамның реакциясына үйретілген ChatGPT 3.5 оның дағдыларын, тәжірибесін біліп,  басқалармен коммуникация жасауды жеңілдетеді. Осылайша, Unbabel осы «телепатиялық» байланыс түрінің шынайы әлеуетін ашқан алғашқы компания болуы мүмкін.

Unbabel қазіргі уақытта Halo құрылғысы минутына 20 сөз сөйлей алатынын мәлімдеген және бұл көрсеткішті өсіруді жоспарлап отыр. «Адамдар минутына 120-130 сөзбен сөйлейді. Егер біздің құрылғы 150 сөзге жетсе, онда адамнан тыс күштерге ие болар еді», – дейді Васко Педро.

Генеративті ЖИ әлемді бұрынғыдан да ғылыми-фантастикалық ғажайыптарға жақындата алады және технологияның адамдарға ойлау арқылы (телепатиялық) қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беруі осы мақсатқа жетудің бір жолы деп бағаланады.

Loading...